Талдықорған қаласындағы Көпсалалы облыстық балалар ауруханасында кардиохирургиялық бейіннің іске қосылуына байланысты "А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ-ның кардихирург дәрігерлері жүрек-қантамыр жүйесінің даму ақаулары бар балаларға консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті.
"А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО" АҚ мамандары консультациялық-диагностикалық көмек көрсету барысында, аудандардан келген 82-ден астам балаға эхокардиография зерттеуін жүргізді және одан кейін емдеу тактикасын айқындау үшін консультация берді. 18 бала жедел хирургиялық емдеу үшін порталға қойылды.
Балалар аурулары арасында жүрек-қантамыр жүйесіне байланысты аурулар көш алдында. Сондай-ақ жыл сайын туа біткен жүрек ақауы бар балалар саны көбеюде. Сәбилерде туа біткен ақаулар, артериялық гипертензия және гипотензия және жүре пайда болған ақаулар секілді жүрек аурулары кездеседі. Сол себепті ата-аналар бөбектерді жүйелі түрде педиатрдың, кардиологтың және бейінді мамандардың қабылдауына алып барып тұрғаны абзал.