Қауіпті ауруға шалдығудан және өлімнен қорқу - өзін-өзі сақтауға негізделген психиканың табиғи реакциясы. Бұл сезім барлық тіршілік иелеріне тән. Ол біз ұқыпты және сақ болуымыз үшін қажет. Бірақ қорқыныш үрейге айналса және ол толыққанды өмір сүруге кедергі келтірсе, бұл қауіпті проблемаға айналады. Ендеше, кардиофобия деген не және жүрек проблемасынан қайтыс болу қорқынышы қалай пайда болады?
Кардиофобия деген не?
Әрине, ешбір адам қауіпті ауруға шалдыққысы келмейді. Бірақ егер адам жүрек ауруына шалдығудан, содан қайтыс болудан өте қатты қорықса, ол туралы ойлай берсе және ол оның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтірсе, ол адамда кардиофобия бар екенін көрсетеді. Кардиофобия кең тараған. Бұл фобия жүрек-қан тамырлар жүйесі сау адамдарда да, жүрек ауруы бар адамдарда да болуы мүмкін.
Кардиофобия неден пайда болуы мүмкін?
Жиі бұл фобияның пайда болуына созылмалы күйзеліс әсер етеді. Ол көбіне өзіне сенімсіз және әр нәрсеге тым аса көңіл бөлетін адамдарда пайда болады.
Кейде ол адам жақын досының немесе туысының ауыр ауруға шалдыққанын естігенде пайда болуы мүмкін.
Адамда кардиофобия бар екенін мына белгілерден байқауға болады:
- жиі медициналық тексерістен өтеді;
- жүрек-қан тамырлар аурулары жайлы бейнероликтер қарай беру және арнайы әдебиеттер оқи беру;
- өзінің жүрек соғысын өлшей береді;
- жүрек ауруы бар адамдармен сөйлесу мүмкіндігін іздейді.
Бір қызығы, кардиофобиясы бар адамдар жүрек-қан тамырлар ауруларының барлық белгісін біледі де, соларды санасыз түрде үнемі өздерінен іздейді. Мысалы, ол ыстық күндегі тершеңдікті жүрек ұстамасының белгісі ретінде қабылдайды.
Кардиофобияны қалай анықтайды?
Алдымен дәрігер науқасқа тексерістер жүргізіп, жүрек-қан тамырлар ауруының жоқ екеніне көз жеткізеді. Науқас кардиолог маманына көрінеді, ревматоидты сынама тапсырады, ЭКГ және УДЗ-ге түседі. Сондай-ақ мамандар күйзеліс тестін өтуді тапсыруы мүмкін. Ол физикалық жүктеме кезіндегі миокард белсенділігін бағалауға көмектеседі. Ал жүрек жағдайын жақсылап көру үшін, оның клапандарының қызметін бағалау үшін эхокардиография жасау ұсынылуы мүмкін.
Егер осы тексерістерден соң науқастан кардиофобия анықталса, жағдайға қарай ем жазып беріледі. Бастысы, дәрігер көмегіне уақытында жүгіну керек. Себебі ол депрессия немесе басқа да қауіпті психикалық проблемаларға әкелуі мүмкін.