- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жүрегіңізді массажбен емдеңіз...
Жүрегіңізді массажбен емдеңіз
Бүгінде барлық аурудың өз емінен бөлек, бірнеше емделу түрлері шықты. Массажбен емделу кеңінен етек жайғандықтан, жүрек ауруларын да осы ем түрімен емдеуге болады. Массаждың әсерінен денедегі қан айналым мен зат алмасу қызметі жақсы жұмыс істейді. Сол себепті мұның тек пайдалы тұсын ғана көруге болады.
Массаждан кейін адамның денесі сергіп, өзің жеңіл сезініп, көңіл-күйі көтеріліп, жылынып, ауырған жері басылады. Сонымен қатар массаж денедегі барлық сұйық заттардың қозғалысын арттырады. Мысалы, қан, лимфа, тканьаралық сұйықтың, тканьдардың өзара созылуы мен орын ауыстыруын айтуға болады. Көп жағдайда массаждан соң бойда ширақтық аңғарылса, кейбір кезде керісінше, ұйқы басады. Массаж дұрыс жасалмағанда, массаждың өзіне тән талаптары бұзылғанда және аурудың асқынып, массаж болмайтын кезінде ағза массажды көтере алмайды. Сол себепті массажды аурудың ерекшелігіне қарай таңдап, жасау керек.
Массаж жасалынған кезде терідегі, бұлшықеттегі, буындардағы жүйке талшықтары тітіркеніп, миға әсер етеді. Сонымен қатар массаждан кейін дене қызарып, талаурап, қатты ауыруы мүмкін. Бұл әсіресе жасы келіп қалған кісілерде көп кездеседі. Сол секілді массажды науқастың ауруына қарай жатқызып не отырғызып жасау керек. Мәселен, жүрегі ауыратын адамның белінде құяң болса, оны етпетінен жатқызса жүрегі нашарлайды, сол себепті ондай адамдарға массажды отырғызып жасаған дұрыс.
Жүрек ауруының жанама әсері сол жақ иыққа, жауырынға, қолға беріледі. Егер сол жерлерге зер салып қарайтын болса, өзіне тән өзгерістер байқалады. Басқа дене мүшелеріне қарағанда бұл белдеуде электрөткізгіштік қасиет жоғары, терінің температурасы көтеріңікі, сезімтал, бұлшықеттерің қатты ауырсынуы, сіресуі анықталады. Осы анықталған белдеуге массаж жасалғанда, ішкі ағзада алғашқысынан қарағанда едәуір жеңілдік байқалады. Ол жерде қан айналымы жақсарып, зат алмасу күшейеді. Сонымен қатар жүрек-қан тамыр ауруларына (жүрек ақауы, миокард инфаркты, гипертония, гипотония ауруларында) бір түрлі массаж, тыныс алу жолдары ауырғанда басқа бір түрі, орталық не шеткері жүйке жүйесі зақымданғанда тағы бір түрі жасалады. Сонымен қатар массаж отаға дейін де, отадан кейін де жасала береді.
Массажбен көптеген ауру түрлерін жазуға болады. Мәселен, массаж ішкі секреция бездерінің қызметіне де өз ықпалын тигізеді. Ал ішкі секреция бездері зат алмасуды реттейді. Сол секілді қалқанша безінің гармондары ағзаның дамуына әсер етеді. Ал қалқанша безі қызметінің бәсеңдеуі шырышты ісіктің (микседема) ауруына әкеледі және балалардың өсуі мен дамуын баяулатады. Егер де қалқанша безінің қызметі шамадан тыс күшейіп кетсе, онда тағы да бір ауру үстіне жамап алады. Мұндай адам ашушаң әрі тез шаршағыш келеді. Жүректің жиырылу жиілігі, қан қысымы, жүйке жүйесінің қозғыштығы артады. Сонымен қатар үнемі ашқарақтанып тамақты көп ішеді, алайда тамағы бойға қонбайды, өте арық болады. Олардың қалқанша безі ұлғайып, мойынның сәнін кетіреді және көзі үлкейіп, бадырайып кетеді. Осындай дертке шалдыққан адамдар үшін гармондардың түзілуін тежейтін дәрілермен бірге массаж қолдану керек. Себебі массаж денедегі тотығу процесін реттеуге, жүйке жүйесінің қозғыштығы мен тежелуін теңестіруге көмектеседі.
Н. Үсенова