Жұмыста отырып жаттығу жасайық: Ең оңай 6 жаттығу

Жұмыста отырып жаттығу жасайық: Ең оңай 6 жаттығу

Кеңседен алыстамай-ақ толыққанды фитнес-жаттығу ұйымдастыруға болады. Жаттығу жасайтыныңызды әріптестеріңізге ескертіп қоюды ұмытпаңыз. 

Сонымен жұмыста отырып жасауға болатын ең қарапайым жаттығулар:

1-жаттығу

Үстелдің шетінде отырып, аяғыңызды қосыңыз. Арқаңызды тік ұстаңыз. Тізеңізді оңға, солға кезекпен қисайтып, аяғыңыз талғанша жаттығуды қайталаңыз.

2-жаттығу

Қолыңызды үстел үстіне қойыңыз да, үстелді қолыңызбен қатты етіп басыңыз. 5-7 секунд ішінде басып тұрып, кейін екінші қолыңызбен жаттығуды 20 рет қайталаңыз.

3-жаттығу

Енді аяғыңызды жаттықтырыңыз. Егер туфли кисеңіз, биік өкшеңізді шешкеніңіз жөн. Арқаңызды тік ұстап, өкшемен еденді қатты етіп басыңыз. 5-7 секунд басып тұрып, жаттығуды әр аяқпен 10 рет қайталап жасаңыз. 

4-жаттығу

Үстелдің шетіне отырып, аздап еңкейіңіз. Сөйтіп, орындықтан отырып-тұрған сияқтанып бірнеше миллиметр көтеріліңіз. Дәл осы күйіңізде 2-3 секундтай "қатып" тұрып, қайта отырыңыз. 12-15 рет қайталаңыз.

5-жаттығу

Үстелге отырып, арқаңызды тік ұстаған қалпы ауаны ішке тартыңыз. Терең тыныстап жатып, ішіңізді барынша тартыңыз. Осы жаттығуды 50 рет қайталау керек. Деміңіздің бір ырғақпен шыққаны дұрыс, сондықтан ауаны ішке ұзақ сақтап қалмаңыз. 

6-жаттығу

Өте жай басыңызды еңкейтіп-шалқайтыңыз. Басты еңкейтіп тұрып 5-10 секунд, шалқайтып тұрып 5-10 секунд тұрыңыз. Сосын мойын бұлшық етін босаңсытыңыз. Жаттығу 3-5 реттен қайталанады. 

Келесіде бұдан сәл күрделірек жаттығулар жасайтын боламыз.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: f-journal.ru, fitness-live.ru

Р. Роза