- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жұмыс уақытында сергудің...
Жұмыс уақытында сергудің жолдары
Кейде жұмыс күнінің екінші жартысында шаршаудың салдарынан шаруаларымызды атқаруға ерік-жігеріміз жетпей жатады. Соның себебінен бүгін орындауға тиіс жұмыстарды үнемі кейінге қалдыруға тура келеді. Мұндай жағдайлар орын алмас үшін жұмыс уақытында өзіңізді сергітудің бірнеше тәсілдері бар.
- Жеңіл жаттығулар. Егер компьютер алдында ұзақ отырсаңыз, арқаңыз бен аяқтарыңыздың талғанын байқайсыз. Ал орныңыздан тұрып бір-екі жаттығуды жасауға уақытыңызды қимайсыз. Мұндай жағдайда орныңыздан тұрмай-ақ денеңіздегі шаршаудан арылуға болады. Ол үшін аяғыңызды еденнен көтеріп, алға қарай созыңыз. Аяқтарыңызды дәл осы қалпында барынша ұзағырақ көтеріңіз. Осылайша сіз ағзаңыздағы қанайналым жүйесінің белсенді жүруіне ықпал етесіз.
- Су ішу. Ағзадағы судың мөлшері 1-2 % төмендесе, бұл ойлау процесінің қалыпты жүзеге асуын тежейді. Сондықтан, суды аз мөлшерде, бірақ жиі ішуді әдетке айналдырыңыз.
- Терең тыныс алу. Қарапайым тыныс алу жаттығуларын жасау – сергудің ең оңай жолы. Ол үшін дәлізге шығып, жүріп келе жатқан қалпыңызда терең тыныстаңыз. Алдымен деміңізді ішке тартып, содан кейін барынша сыртқа шығарыңыз. Жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз.
- Тек жақсы нәрселерді ойлау. Ғалымдардың дәлелдеуінше, үнемі жақсы нәрселерді ойлау адамның ынта-жігерін арттырады. Сол себепті, көңіл-күйіңізді түсіретін ойлардан аулақ болыңыз.
Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова
Сурет: postila.ru, vrn-today.ru
Қ. Бүйенбай