- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жұлын жарақаттары ...
Жұлын жарақаттары
Жұлын — адам мен омыртқалы жануарлардың омыртқа жотасының ішінде орналасқан орталық жүйке жүйесінің бір бөлігі. Ол жоғары қарай сопақша миға жалғасады.
Төменгі жағынан құйымшақ омыртқасына бекиді. Жоғарыдан төмен қарай жіңішкере береді. Жұлын мойын буылтығы, бел буылтығы болып бөлінеді. Осы буылтықтар тұсынан қол мен аяқты жүйкелендіретін ірі әрі ұзын жүйке тамырлары (нервтер) басталады. Жұлын ақ және сұр түсті қосындылардан түзілген. Жұлын жаңа туған балада омыртқа каналын толығымен толтырып жатса, ал бара-бара өсуі баяулап бірінші бел омыртқа тұсында қалады.
Жұлын тізбектеліп жатқан 31 сегменттен түзілген. Оның әрбір сегментінің екі жанынан алдыңғы және артқы жұлын түбіршіктері шығып омыртқа аралық тесік тұсында бір-бірімен қосылып, 31 жұп жұлын жүйкесін (нервісін) түзеді. Жұлынның ішімен ұзыннан-ұзақ жұлын каналы өтеді. Ол жоғары жағында мидың төртінші қарыншасына жалғасады. Оның сұр заты қанатын жайған көбелек пішінді келеді. Сұр заттың шығыңқы келген жерлерін "мүйіздері" деп атайды. Адам денесін қозғалысқа келтіретін нейрондар шоғыры осында жинақталады. Ақ зат жұлынның сұр затын қоршап жатады. Ол жұлынның өткізгіш жолдары болып табылады. Жұлынның басты қызметі рефлекторлық және өткізгіштік. Яғни сыртқы және ішкі әсер етуші факторларға ағзаның (организмнің) жауап беру реакциясы кезінде пайда болған жүйке толқынының жүретін жолы.
Жұлын жарақаттары түрлі өзгерістерден (қан кету, некроз, т.б.) механикалық соққылардан, ісіктерден болатын ауыр азапты жағдай. Жұлын жарақаттары ашық және жабық болып екіге бөлінеді. Тері мен бұлшық етке зақым келмей тек жұлын жарақаты болса, онда оны жабық, ал керісінше болған жағдайда ашық жұлын жарақатына жатқызады.
Жұлын шайқалуы (паралич) – орталық не шеткі жүйке жүйесі қозғалыс орталығының зақымдануынан қимыл-қозғалыс органдары қызметінің толықтай жойылуы не парез (органдардың қимыл-қозғалысы толықтай жойылмайды, сондықтан бұл жағдай жартылай салдану деп аталады) салдарынан болады. Науқастың сауығуы 2-3 минуттан 2-3 айға дейін созылуы мүмкін. Ем қонбайтын кездері де болады.
Жұлын жаншылуы – омыртқа сүйектерінің сынуынан, омыртқааралық дисктің жылжуымен, бөгде заттардың кіріп кетуінен, соққыдан болған ісіктер, өспе ісіктер салдарынан орын алады.
Жұлын шоғы – жұлын жарақаты әсерінен жұлынның өткізгіштік қызметінің бұзылуы. Денеде толықтай немесе жартылай қозғалыс пен сезімталдық жойылады.
Жұлын жарақаттарының көріністері
— Адамның есін жоғалтуы;
— Мойын мен денесін бірқалыпты ұстай алмауы;
— Мойын немесе бел бөлігіндегі қатты ауырсыну;
— Аяқ-қол салдануы;
— Сезімталдықтың жоғалуы;;
— Зәр шығаруды басқара алмау.
Жұлын жарақатымен жарақаттанған науқасты қатты қозғалтпауға тырысу қажет. Жұлын жарақаты бар науқасты тек құсу, ауыздан қан кету кезінде ғана абайлап басын көтеруге болады. Ең бастысы жұлынды екінші рет зақымдап алудан сақтанған жөн. Науқасты тасымалдау кезінде аса сақтықпен қызмет көрсеткен абзал. Мойын омыртқадағы жұлын жарақатында қалың етіп мақта алып таңғыш тақтайшаларды дәкемен қозғалтпай орау керек. Кеуде бөлігіндегі жұлын жарақат алатын болса, науқас тегіс тақтайшаға жатқызылады. Бел бөлігіндегі жұлын жарақатында науқас ішімен жатқызылып, кеудесі мен жамбасына жастық салып ауруханаға жеткізіледі. Науқасты зембілге кем дегенде 3 адам, бірі – басынан, бірі – белінен, енді бірі – аяқ бөлігінен ұстап көтеріп салады.
Жұлын жарақаттарының кез келген түрін емдеу – дұрыс диагноз қоюдан басталады. Көп жағдайда хирургиялық ем қолданылады. Зақымдану, аяқ-қолдың қозғалыс және сезімталдық функцияларының бұзылу деңгейіне байланысты дәрігер-мамандар тарапынан ем тағайындалады. Науқас адамға психологиялық жақтан қолдау көрсетіп, күш-жігер беретін маманның, жанашыр жандардың болғаны дұрыс. Бүгінгі таңда жұлын жарақаттарын заманауи медициналық аппараттар арқылы анықтайды. Мәселен, рентген арқылы жұлын жарақаты омыртқаның нақты қай бөлігінде тұрғаны анықталады. Ал компьютерлік томография рентгенде көрінбей қалған омыртқа зақымын және ісіктерді көрсетеді. Магнитті резонансты томография жұмсақ тіндердегі жүйке мен жұлын жарақатын өте дәл анықтап береді.
Н. Үсенова