Британдық Колумбия университеті ғалымдарының айтуы бойынша туыс-туғандарға жиі сыйлық жасау немесе қаржылай көмектесу қан қысымын төмендетеді.
Ғалымдар қайырымдылыққа қаржы жұмсау бақытқа бөлейтінін анықтағанмен, оның денсаулыққа әсері бар ма, жоқ па ол жағы белгісіз болатын. Канада ғалымдары бұл сұрақтың жауабын шешу үшін тәжірибе жүргізді.
Тәжірибеге 65-85 жас аралығындағы 128 ерікті қатысты. Оларды екі топқа бөліп, апта сайын 40 доллардан беріп отырды. Бірінші топтағы адамдар берген ақшаны өз пайдаларына жұмсаса, екінші топ ол қаржыны басқа біреулерге жұмсауы тиіс болды.
Мамандар тәжірибе алдында барлық қатысушылардың денсаулығын қарап шығады. Зерттеу соңында екінші топтағы адамдардың қан қысымы айтарлықтай төмендегені байқалды. Ғалымдардың айтуынша ең жақсы нәтиже де қан қысымы жоғары адамдарда болған. Олардың тәжірибе кезінде ешқандай дәрі-дәрмексіз қан қысымы төмендеп, қалыпқа келе бастаған.
Дереккөз: inform.kz