Жолға шыққанда мына гигиеналық заттарды алып жүріңіз (қыздар үшін)

Жолға шыққанда мына гигиеналық заттарды алып жүріңіз (қыздар үшін)

Адамдар саяхат жасағанды ұнатады, әсіресе, жаз мезгілінде. Саяжайда өткізген бір күн болсын, демалыс үйінде өткізген екі күн болсын немесе мұхит жағалауындағы екі апта болсын – ол маңызды емес. Қандай жерге барсаңыз да, тазалықты ұмытпағаныңыз жөн. Сондықтан, жолға шыққанда мына гигиеналық заттарды бірге алып жүріңіз. 

Дымқыл майлықтар. Жеке тазалықты сақтауда өте қолайлы.  Дымқыл майлықтарды тек саяхатқа шыққанда пайдаланбаймыз, макияжды кетіру үшін де қолдануға болады. Олардың  антибактериалды және әмбебап түрлері болады, аллергия тудырмайды. Дымқыл майлықтың иіссіз түрін таңдаған дұрыс, себебі, оның құрамындағы хош иістендіргіштер басты ауыртуы мүмкін. 

Қағаз майлықтар, бет орамалы және орамалдар. Бұл заттардың қолданылу аумағы өте үлкен. Жуылған қолды сүрту үшін және дәретхана қағазы ретінде пайдалануға болады. Майлық пен орамалдың қажеттілігі әрқашан бірдей бола бермейді. Ал бет орамалы – өте қажет және ештеңемен ауыстыруға келмейтін нәрсе.  

Жұмсартушы құрал. Тырнаққа, қолға, аяққа және денеге жағатын иісмайларды арқалап жүргенше, кішкентай балаларға арналған бір ғана жұмсартушы құралды алып жүру керек. Балаларға арналған құрал сіздің теріңізге кері әсерін тигізбейді. Бетке қатысты айтар болсақ, өзіңіз үйреніп алған құралды алыңыз, себебі, демалыста әр түрлі тәжірибе жасап әлектеніп жүргенше, әдемі болып жүре бергеніңіз жақсы. 

Шашқа арналған косметикалық заттар. Шаштың күтімі мен табиғилығы өте маңызды. Саяхатқа шықпас бұрын шаштаразға барған болсаңыз, онда сусабын мен шаш үлгісін жасауға арналған құрал алсаңыз да жеткілікті. 

Күн көзінен қорғайтын иісмай. Көзілдірік пен кең жиекті қалпақтан басқа жағалауда күн көзінен қорғайтын иісмай да өте қажет. Ультракүлгін сәулелер қауіпті, сондықтан, қосымша қорғаныш туралы ұмытпаңыз. 

Жәндіктердің шағуынан қорғайтын құрал. Маса, шіркей және басқа да ұшатын  ұсақ жәндіктер сіздің келгеніңізге қатты қуанады. Біз бұған нені қарсы қоя аламыз? Иісмайлар, аэрозольдер, лосьонның түрлері және майлықтар көмектесе алады. Ең маңыздысы – сізде бұл құралға аллергия жоқ екеніне көз жеткізу.

Маникюр, педикюр жиынтықтары. Тырнақтар, әсіресе, аяқтағы тырнақтар, өте керемет көрінуі керек. Сондықтан, жиынтық пен кеуектасты алуды ұмытпаңыз. Тырнақты қатайту мен жақсарту мақсатында құрамында спирті бар ыңғайлы  құты алудың да маңызы зор. Ол тек құралдарды тазарту үшін ғана емес, жақын маңайда су жоқ болса, судың орнына қолдану үшін де қажет.

Саяхатқа көп нәрсе алудың қажеті жоқ, себебі, олардың көбі жолсандықтан шығып та үлгермейді. Заттарыңыз аз болса, саяхаттау да қызығырақ әрі пайдалы болады.

Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова

Сурет: hozdom.com, cosmohit.ua

 

Г. Бакытбекова