Семіздіктің ауыр дәрежесіне жеткен адамдарға нағыз қиындықтар жамала түседі. Ағзада майдың тым көп жиналуы қанда инсулиннің қанығу деңгейінің шамадан тыс қордалануына әкеледі Бұл ашығу сезімін одан сайын ушықтырып, денсаулыққа үлкен нұқсан келтіре бастайды.
Адамдардың қант диабетіне, гипертонияға, жүрек аураларына, омыртқа, буын және аяқ қан тамырының ауруларынан азап шегуіне көбінесе семіздік себепші. Ер адамдардың семіруінде дұрыс тамақтанбау, май мен көмірсуға бай ауыр тағамдарға, сыраға әуестік, негізгі рөл атқарады. Еркектердің осы сусынды шамадан тыс көп ішуі майдың бауыр жасушаларында және құрсақ қуысында өте көп мөлшерде жиналуына әкеп соқтырады. Осының салдарынан мес қарын пайда болады.
Екінші бір себеп – аз қозғалу. Әсіресе ауырлай бастаған адам бұдан бұрын бокспен, штанга көтерумен, күреспен белсенді түрде айналысқан болса, оған жұмсаған қуатын бұрын тамақтану есебінен толықтырып отырған. Семіруге бейім ер адамдар үшін мұндай тепе-теңдіктің бұзылуы қауіпті. Кешегі атлеттің біртіндеп ентіккен мешкейге айналуы әбден мүмкін. Егер осы қоса қабаттасқан семіру проблемаларына эндокоринді жүйе (бүйрекүсті безі, гипофиз, қалқанша без) қосылса, жағдай одан әрі күрделене бермек.
Мамандар бұл жағдайдың алдын алу үшін мынадай кеңестер ұсынады:
Өзіңізді тезірек қолға алыңыз! Ең сенімдісі – астың қуаттылығын тазартылған майларды (сарымай, қаймақ, майонез) және көмірсуы бар тағамдарды (шоколад, қант, кәмпит, тәтті сусындар) жеуді азайту. Тамақтану тәртібін өзгерту, яғни күндізгі тамақтануды төрт-беске бөлу, ал негізгі тамақты таңертең жеу. Соңғы тамақтануға ұйқыдан төрт сағат бұрын отырыңыз. Ас қабылдау кезінде бөгде ештеңемен айналыспаңыз, яғни теледидарға қарамаңыз, әйтпесе қанша жегеніңізді байқай алмай қаласыз. Көбірек қозғалыңыз. Басқышпен көтеріліңіз және көбірек жаяу жүріңіз. Бұл да спорт. Күйзелістен аулақ болыңыз. Егер бірдеңеге қобалжи бастасаңыз, тоңазытқыштан аулақ жүріңіз.сурет: yvision.kz