Жазғы диета

Жаз мезгілі бізге күн шуағы мен ыстықты ғана бермейді, бұл маусымда артық салмақтан арылуға, ішкі ағзаны тазартуға, жаңаруға мүмкіндік бар. Жаздың әрбір аптасы бізге жаңа жемістер мен көкөністерді тарту етеді. Олардың құрамы пайдалы минералдарға бай әрі өте арзан. 

Осы орайда ішкі ағзаны тазартуға арналған бірнеше диетаның тәртібімен таныстырып өткіміз келеді.

"Бір күн – бір тағам" диетасы

Бұл диета шөл қысатын ыстық күндерге есептелген. Күніне 2 литрден кем су ішпеу керек. Тағамның негізгі бөлігін кешкі алтыға дейін жеп алыңыз, аштық қысса, алма, алмұрт, апельсинді әрбір екі сағат сайын бір түйірден жеп тұруға болады. Диета 7 күнге арналады. Жазғы диета түрі дене сымбатын ықшамдайды және аса қиынға соқпайды.

Бірінші күн. Көкөніс күні: кез келген шикі көкөністі бөліктерге бөліп, күніне 3-4 рет жейсіз. Қияр да, қызанақ та, жас орамжапырақ та, көк-сөк те, қызылшаның жас жапырағы да жарайды.

Екінші күн. Жеміс күні: алма, алмұрт, киви, апельсин, қысқасы жаныңыз қалаған жемістерді ауызға алыңыз.

Үшінші күн. Жидек күні: шие, құлпынай, қарақат, қарлыған т.б. Сілтілі өнімдердің көптігі терінің созылғыштығына жақсы әсер етіп, бір жағынан ағзаны тазалайды. Жазды пайдаңызға жаратудан кеш қалмаңыз.

Төртінші күн. Әртүрлілікке жол беруге болады: жемісті де, көкөністі де бір-бірімен араластырмай жеңіз. Мәселен, таңертең көкөніс, жарты сағаттан кейін жеміс немесе керісінше.

Бесінші күн. Тағы да көкөністерге кезек келді. Бұл жолы кәді, цукини, түсті және брокколь орамжапырағы, жас қызылша, сәбіз, баклажан және т.б. жеңіз. 

Алтыншы күн. Әртүрлі жидектер, жабайыларға да асқазаннан орын беріп көріңіз.

Жетінші күн. Жаңа сығылған шырын (дүкеннен емес) соңғы күні ағзаны тазалайды. Шырынды жергілікті жемістерден жасауға тырысыңыз.

Көрсетілген тамақтану тәртібі бір апта ішінде көптеген жеміс пен көкөніс жеп, өте көп минералдар мен дәрумендерді алуға жағдай жасайды.

"Салатты" диета


Диета 14 күнге есептелген, нәтижесінде, 7 келіден арылып, артық шлактардан тазарасыз. Күніне бір литр майлы емес айран ішуге, тәтті емес шәй және аздаған су ішуге болады. Салатты тұздауға қатаң тыйым салынады. 

Әрбір күн сайы таңғы астан 30 минут бұрын бір стақан суға бірнеше тамшы табиғи лимон шырынын қосып ішіп алыңыз. Бұл тамақты аз жеуге дағдыландырады.

Жазғы таңғы асты жеміс салатымен бастайсыз. Түскі және кешкі аста зәйтүн майы мен лимон шырыны қосылған көкөніс салатын жейсіз.

Дайындаған: Бұлбұл Дәрібаева

Сурет: kakzdorovo.com, vk.com