- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жазда шөл қандыру...
Жазда шөл қандыру үшін
Жаз мезгілінің аптап ыстығында қанша сусын ішкеніңмен, шөлің қанбайтын кездер болады. Күн астында жүргенде немесе шомылуға барғанда, саябақта қыдырып жүргенде суды мөлшерден артық ішеміз. Суды қажеттілігіне қарай қанша көп ішкенімен, шөлді қандырудың өз тәсілі бар. Ендеше таныс бола отырыңыздар.
Сіз ішіп жүрген судың сапасы денсаулығыңызға тікелей қатысты. Себебі, судың құрамында көптеген микроэлементтер кездеседі. Ал оның біреуі жетіспесе немесе мөлшерден асып кетсе, онда ол түрлі ауруларға шалдықтырады. Мәселен, магний жетіспесе жүрек-қан тамырларына артық салмақ түседі, ал кальций мөлшері асып кетсе, адамның зәр жолдарында тас пайда болады. Сонымен қатар натрий, хлор, сульфаттар мөлшерден асқан жағдайда қан қысымы өзгеріп, асқазан-ішек жолдарының ауруына септігін тигізеді және судың құрамындағы селеннің жетіспеушілігі қатерлі ісіктерге алып келеді. Ал селен өз деңгейінен асқан жағдайда бауырға зақымы тиюі ықтимал және шаш пен тырнақты сынғыш етеді. Бәріңіз білетіндей темірдің мөлшерден асып кетуі – аллергиялық сырқаттарға жол бастайды.
Жаз айы суды әдеттегіден де көп ішетін мезгіл болғандықтан, су ішкенде шөлді қандырудың төмендегідей тәсілдерін есте ұстай жүріңіздер:
1. Салқын суды ішпеңіз. Біріншіден – тұмауға себепкер болса, екіншіден – ол ағзаға баяу сіңеді.
2. Суды асықпай, аз-аздан ішіңіз. Қатты шөлдегенде дем алмастан суды қағып салатынымыз бар. Осылайша тоқтамай көп ішу – тердің бөлінуін күшейтеді. Ал одан соң тез шөлдейтін боласыз.
3. Күніне 3 литрден артық су ішпеңіз. Себебі адам ағзасындағы су көп болуы жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын көтереді және ентікпе мен ісіктерге жол береді.
4. Газдалған су ішпеңіз. Газсыз су – ағзадағы жоғалған сұйықтықтың орнын толтырады және құрамында ешқандай да калория болмайды.
5. Көк шай ішіңіз. Ол дене қызуын реттейді және ыстық күнде шөлді жақсы қандырады. Себебі оның құрамындағы таниндер ағзаны суытып, шөлді басады және термен бірге шыққан ағзадағы микроэлементтердің орнын толтырады. Сонымен қатар күннің ыстығында амырларды нығайтады. Алайда көк шайды қарапайым судан 3 есе аз ішу керек.
6. Табиғи жолмен ашытылған квас та шөлді қандырады. Сонымен қатар асты жақсы сіңіреді, құрамында пайдалы амин қышқылдары бар. Оның ашытқысының құрамында дән, қант пен су ғана болады. Ал құрамында консерванттар, ароматизаторлар, тәттілендіргіштер, бояғыштар, сүт қышқылы, лимон және сірке қышқылдары бар квас сусынын алмағаныңыз дұрыс. Ол дисбактериозға ұшыратуы мүмкін.
7. Жаңа піскен жемістерден жасалған компот ішіңіз. Ол ыстық күнде шөліңізді басады және ағзадан жоғалған су мен минералды заттардың орнын толтырады. Алайда компоттың құрамында қанттың өте аз болғаны дұрыс. Себебі тәтті компот шөлдетіп жібереді.
8. Су сатып аларда жоғары категориялы су алыңыз. Ол сусынның этикетінде көрсетіледі. Мұндай судың құрамында адамға аса қажетті микроэлементтердің бәрі болады және санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормативтерге сай болады.
9. Сүт қышқылды тағамдар тұтыныңыз. Қолдан ұйытылған құнарлы айран көпке дейін қарынды да ашырмайды, шөлге де төтеп береді. Себебі оның құрамында микроэлементтер, ақуыздар мен дәрумендер көп. Сонымен қатар ішек микрофлораларының жақсаруына әсер етеді. Тек айран ғана емес, шұбат, қымыздың да орасан зор пайдасы бар. Алайда сүт олар секілді сергітіп, шөлді баспайтынын ұмытпаңыз.
10. Бал қосылған су ішіңіз. Оны қайнаған суға емес үй жылылығындағы суда ерітіп ішкеніңіз жөн. Бал қосылған сусын көптеген ауру-сырқаудан сақтап, ағзаны азықтандырады және емдік қасиеттері өте көп. Сонымен қатар адамның шөлін басып, қосымша күш-қуат береді.
Н. Үсенова