Адамның жеткізе алмаған ойын денесі мен бет-бейнесі көрсетеді. Мұны психологияда дене, тән тілі деп атайды. Яғни, адамның іс-қимылы мен ым-ишарасына қарап қандай адам екенін тану.
Ым-ишараға адамның жатысы мен ұйықтау әдебі де енеді. Өйткені адамның қалай ұйықтағаны ойы мен мінезінен хабар береді.
The Mirror басылымының жазуынша, мәселен, көрпені бүкіл денесіне жауып, бүркеніп, қаптанып жататын адамдар – қорғауға, қолдауға зәру, қамқорлықты жақсы көретін адамдар. Мұндай адамдар құшақтасып ұйықтағанды ұнатады.
Ал төсектің бір шетінде жататындар – тәуелсіз, еркін ойлы адамдар. Олар жатып-тұруға ыңғайлы болу үшін төсектің шетіне құлай салғанды жөн санайды. Бұл олардың кез келген іске дайын екенін білдіреді.
Қолын басына жастық қып сүйеп жататындар қазіргі өміріне риза емес. Бұдан да көп нәрсені қалайды деген сөз.
Жатарда киіммен жататындар да қамқорлыққа, біреудің қорғауына зәру жандар. Адамға сын айтылған кезде, бұға түсетіні сынды, жай өмірде де адам жайсыздық сезінгенде, қорғануға ұмтылады. Мұндай адамдардың көрпесі кеңірек болғаны жөн. Сонда тезірек ұйықтайды.
Шалқасынан жататын адамдар – өзіне сенімді, ісіне жауап бере алатындар.
Ал сәби сияқты бүрісіп жататындар жанындағы адамдарды бағалайды, өзін де бағалағанды ұнатады.
Етпетінен жататын адамдар көбіне тұйық келеді. Өзін біреудің сынағанын ұнатпайды және бірбеткей. Дегеніне жетпей қоймайды.
Дегенмен етпетінен жату денсаулыққа зиян. Жүрекке, қан тамырларына күш пен салмақ түседі. Ең дұрысы – шалқасынан не оң қырымен жату. Сол қырымен жатқанда жүрек жұмысы қалыпты болмайды.