Жасөспірімдерге бір күнде 25 грамм ғана ( ең көп дегенде) қант беруге болады екен. Мұны бір шай қасықпен есептегенде алтауы шығады.
«Circulation» басылымының жазуы бойынша, 2 жас пен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер күніне 6 шай қасық қанттан көп пайдаланбағаны абзал. Егер балалардың біркүндік қант мөлшері 25 граммнан асатын болса, жүрек-қан тамырлары, созылмалы және семіздік секілді ауруларға тез шалдығу көрсеткіші жоғарылайды екен. Сондай-ақ басылым сарапшылары біркүндік қант мөлшерін бір шай қасықпен өлшеп қана қоймай, күнделікті тұтынатын сусындары мен тағамдарының құрамындағы тәттінің мөлшеріне де мән беруге кеңес береді.
Екі жасқа толмаған сәбилерге қант берудің тіпті қажеті жоқ. Қант - cәбидің денсаулығына кері әсерін тигізеді. Ал екі жастан кейін де баланың тәттіге айрықша құмар болуына жол бермеу керек екен.
Айта кетейік, жақында Ньюкасл университетінің (Ұлыбритания) ғалымдары жүрек пен қан тамырлары, сусамыр мен тіс ауруларынан сақтану үшін күніне 5 шай қасық қанттан артық пайдаланбау туралы ғылыми-сараптамалық қорытындысын жариялаған болатын.