Жарыққа қарағанда көзіңіз ауыра ма?

Жарыққа қарағанда көзіңіз ауыра ма?
Фото: unsplash.com

Жарыққа сезімталдық немесе жарықтан қорқу адамдар арасында кең тараған. Ол жеңілден ауыр деңгейге дейін өзгереді. Жеңіл түрінде жарық өте ашық көрінеді, сондықтан көзіңізді қыса түсесіз. Ауыр түрінде ол кәдімгідей ашуыңызға тиеді, кейде, тіпті, ауыртады. Бұл сезімталдықпен байланысты кей себептер уақыт өте көз немесе көру проблемаларына әкелуі мүмкін. Сондықтан оған мән бермей жүре беруге болмайды. Оның себебін анықтап, уақытында дәрігерге көріну маңызды. Жарықтан қорқудың жиі кездесетін себептерін ұсынамыз.

Көз құрғақтығы
Жарыққа сезімталдықтың кең тараған себебіне көз құрғақтығы жатады. Көз құрғақтығы кезінде қышу, қызару, бас ауруымен және көздің бұлдырауымен қатар жүретін жарыққа сезімталдық болады. Бұл жағдайда көз ылғал болып қалу үшін жеткілікті жас өндірмейді. Көз құрғақтығымен күресуге арнайы дәрі-дәрмектер көмектеседі. Егер құрғақтықтың себебі қосалқы аурулар болса, дәрігер тамшылар немесе қабынуға қарсы құралдар жазып береді.

Аллергиялық конъюнктивит
Бұл жағдай конъюнктиваны — көзді және қабақтың ішкі бөлігін қаптап тұратын жіңішке мембрананы бірдеңе тітіркендіргенде пайда болады. Біздің ағзамыз аллергенге, мысалы, шаң, шаң-тозаң кенесі, зең немесе жануарлар жүніне әсер бергенде конъюнктивиттің аллергиялық түрі пайда болуы мүмкін. Егер сізде аллергиялық конъюнктивит болса, дәрігер мүмкіндігінше аллергеннен алшақ болуды ұсынады. Сондай-ақ жағымсыз белгілерді басуға көмектесетін антигистаминдік дәрі-дәрмек жазып береді.

Көздің шаршауы
Шамадан тыс күш түскенде көз шаршайды. Әдетте, ұзақ уақыт бойы бір жерге зейін қою қажет болғанда, мысалы, көлік айдағанда немесе компьютерде жұмыс істегенде көз шаршайды. Оның белгілері адам демалғаннан кейін кетеді. Көздің бұлай шаршауының алдын алу үшін компьютер немесе смартфон алдында ұзақ отырмаңыз, жұмыс барысында жоспарланған үзілістер жасаңыз және құрылғы жарығын өзгертуді және мәтін өлшемін үлкейтуді ұмытпаңыз. Егер көзіңіздің тез шаршайтынын байқасаңыз, көзге арналған жаттығулар жасаңыз.

Бас сақинасы
Жарыққа сезімталдықтың тағы бір себебі — бас сақинасы. Бұл орташа немесе қатты бас ауруын шақыратын неврологиялық жағдай. Бас сақинасы арасында пайда болуы немесе созылмалы түрге (айына шамамен 15 күн қатарынан ауыру) айналуы мүмкін. Бас сақинасы кезінде жарыққа қарасаңыз көзіңіз ауырады және бас ауруы одан сайын күшеюі мүмкін. Бұл аурумен қиналатын адамдарда желке бөлігінде — жарықты және басқа да визуалды белгілерді түсіндіретін ми аймағында жоғары белсенділік байқалады. Бұл өз кезегінде, жарыққа сезімталдықты арттырады.

Көздің мүйізгек қабығының зақымдалуы
Көздің нәзік тінін қандай да бір қатты зат, мысалы, шаң, ластық немесе құм жарақаттаса да, жарыққа қарағанда көзіңіз ауыруы мүмкін. Сонымен қатар, ол кезде көзіңізде басқа бірдеңе тұрғандай сезім болады, көз қызаруы, жас ағуы және бас ауыруы мүмкін.

Увеит
Увеит — көз тіндері бұзылуын немесе ісінуін шақыруы мүмкін қабыну аурулары топтарын сипаттауға қолданылатын термин. Увеит қабыну себебінен пайда болады. Оның себебі көз жұқпасы болуы мүмкін. Сондай-ақ, увеит теңге қотыр (псориаз), ұмытшақтық (склероз) немесе ойық жаралы колит секілді қабыну ауруларының себебінен пайда болады. Әдетте, оның белгілері жылдам пайда болады: жарыққа сезімталдық, дұрыс көрмеу, көздің ауыруы және қызаруы.

Кей дәрі-дәрмек
Жарыққа сезімталдық кей дәрілердің жанама әсері болуы мүмкін. Мысалы: қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер, аллергияға және безеуге қарсы дәрілер, антибиотиктер, несеп айдағыш құралдар.

Мидың шайқалуы
Мидың шайқалуы — әдетте, басты соққан кезде пайда болатын бас сүйек-ми зақымының бір түрі. Бұл жағдайда жарыққа сезімталдық көбіне бас ауруымен қатар жүреді. Ми шайқалуының басқа себептеріне бас айналу, жүрек айну, зейін қою, есте сақтау және ұйқы проблемаларының болуы жатады.

Энцефалит немесе менингит
Энцефалит — ми тінінің қабынуы, ал менингит — бас миының беткі қабықшасының қабынуы. Бұл екі ауруды да вирустар, бактериялар және саңырауқұлақтар шақырады. Кей жағдайда энцефалит те, менингит те біруақытта пайда болады. Кейде бұл аурулар жеңіл өтеді: тек жарыққа сезімталдық пен бас ауруы ғана болады. Ал ауыр түрінде олар адам өміріне қауіп төндіреді.

А. Жапатова