Халықаралық ғалымдар тобы құстар мен сүтқоректілерден 850 мыңға жуық вирус анықтады, олардың әрқайсы қазіргідей пандемия тудыра алады.
Есепті биология, экология және вирусология салаларындағы 22 сарапшы дайындап, биосфера, экожүйеге қызмет көрсету жөніндегі үкіметаралық зерттеулер мен саясат платформасында (IPBES) мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, жарғанаттар, кеміргіштер мен маймылдар адамға жұғуы мүмкін 540 мыңнан 850 мыңға жуық вирус тасымалдайды. Мұндай жағдайда жыл сайын пандемия тудыруы мүмкін 5 жаңа аурудың пайда болу қаупі бар.
Ғалымдар бұл аурулардың пайда болуына жабайы табиғатты кінәлау дұрыс емес деп санайды. Олардың пікірінше, пандемиялар, оның ішінде коронавирус пандемиясы адам іс-әрекеті және оның қоршаған ортаға әсері нәтижесінде туған.
Айта кетейік, осыған дейін ғалымдар жарқанаттың не үшін қауіпті вирустар таситынын анықтаған еді. Зерттеулер көрсеткендей, инфекция жарқанаттар ағзасында тез және күшті иммундық реакцияны қоздырады. Бұл реакция бір жағынан осы тіршілік иелерін қорғайды, ал екінші жағынан агрессив иммундық реакция вирустардың белсенді көбеюіне және қоршаған ортаға бейімделуіне себеп болады.
Осылай жарқанаттар ағзасы вирустар үшін көбейетін орын болады да, олар иммун жүйесі әлсіз басқа жануарлар мен адамға өтсе қауіпті ауруға айналады.
"Мықты иммун жүйесі жарқанаттар ағзасын вирустардан сақтайды. Ал оған жұққан вирус жарқанат ағзасына зиян тигізбей көбейе береді. Бірақ күшті иммунитке ие болмаған тіршілік иелеріне (адамдарға) өткенде вирус асқынып кетеді" - дейді зерттеушілердің бірі Кара Брук.
Мұндай қауіпті вирустар көбіне адам ағзасына тамақ арқылы енеді.