- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жануарлар да емдей...
Жануарлар да емдей алады
Жануарлардың адамдарды емдей алатын қасиеті бар екені ежелден-ақ белгілі болған. Бұл үрдіс қазіргі уақытқа дейін қолданыста. Жануарлар терапиясы (анималотерапия) деп аталатын табиғи емдеу жолын шет елдік жұртшылық кеңінен пайдаланып келеді.
XVIII ғасырда Ұлыбритания корольдігінің дәрігерлері психикасы төмен адамдарды итпен емдеуді тәжірибе жүзінде жасап көрген. Соның салдарынан ауруханада жатқан науқастардың ашу-ызасы басылып, қалыпты деңгейге түскеніне көз жеткізген. Бірақ, көптеген ел мен дәрігердің бұл ұсынысқа ат үсті қарағаны үшін, тек XX ғасырда ғана америкалық Борис Левинсонның арқасында пет-терапия деген атпен медицинаға енгізілген.
Бористің кішкентай балаларды емдеу үшін иттің берер пайдасы мол екендігін дәлелдеп шыққан. Емхана ішінен күшіктерді көрген бүлдіршіндер ауырғанын ұмытып, дәрігердің айтқанына оңай көнген.
Қазақтың киелі малы жылқының да медицинаға тигізер пайдасы орасан зор. "Иппотерапия" деп аталатын емдік процесс атқа міну арқылы орындалады. Мұны ең алғаш дат спортшысы Лиз Хартель ойлап тапқан. Төсек тартып өлім мен өмірдің арасында жатқан спортшы өзінің сүйікті спортынан қиналған сәтінде де қол үзбеген. Есесіне біраз уақыт өткеннен кейін Лиз Хартель ауруынан айығып, барлық ағзасы қалыпты жұмыс жасайтын дәрежеге дейін жеткен. Қазіргі уақытта шет елдік мамандар эпилепсия, ұмытшақтық ауруы бар жандарға тұлпар тізгіндеуді кеңес етеді екен.
Сол секілді мысықтың да жануарлар медицинасында өз орны бар. Әрқашан таза жүретін үй жануары иесінің қай жері ауырғанын сезіп, сол жерін басып жатады. Қарапайым дүние ретінде қабылдаған науқас жандар мысық жатқаннан кейін қалай жазылып кеткеніне өздері таңғалатын болған.
B. ZHAQSYMBET