- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жалаң аяқ жүрудің...
Жалаң аяқ жүрудің пайдасы көп
Жалаң аяқ жүрудің пайдалы екендігі Ежелгі Мысыр, Грекия және көне Рим кезеңдерінен белгілі. Бұны ежелгі философтар ақыл-ой қабілетін нығайтудың бірден-бір жолы деп танып келген. Ал қазіргі физиолог ғалымдар адамдардың табанында өте күшті рефлексогенді нүктелер орналасқан дейді, яғни ол - сезімтал жүйке ұштары шоғырланған аймақ. Табанның бір шаршы сантиметріндегі осындай рецепторлардың саны дененің басқа жеріндегілерден әжептеуір көп. Адам жүрген кезде осылардың белсенділігі артады.
Қазіргі медицина жалаң аяқ жүрудің жүйке-бұлшық етін және тотығу үдерістерін белсенді ететіндігін, артериялық қысымды қалыпқа келтіріп, тұрақтандыратынын айғақтады, ол стенокардия, гипертония және басқа де аурулардың алдын алуда өте маңызды деп есептеледі. Оның жүрек-қан тамыр аурулары үшін ғана емес, сонымен қатар жүйке және психикалық аурулардың алдын алуда да көмегі зор.
Адамның қимыл-қозғалысы кезінде адамның бойында электр заряды жинала бастайды, бірақ жалаң аяқ жүрген кезде ол жерге тартылады. Ал мұндайда аяқ киімді шешпей жүру оның сыртқа шығарылуына кедергі жасайды.
Табандары зақымданған адамдардың жалаң аяқ жүрмегені жөн, өйткені жарақатқа жұқпа түсуі мүмкін.
Алдымен, үй ішінде кілемде, ағаш еденде жалаңаяқ жүруден бастау керек. Содан кейін барып, тегіс емес, яғни кедір-бұдырлы және салқын жерлермен жүріп дағдылана бастаған жөн. Мысалы, қалалы жерде тұратын болсаңыз үйде, содан кейін подъездегі бетон басқыштармен, соңынан қарда және мұзда жүруіне болады.
Алғашқы күндері тек 15 -30 минуттай жүгірсе де жеткілікті. Шынықтыру үшін күн сайын аяқты салқын су мен ыстық суға кезек-кезек батыру керек.
Қар, мұз, ыстық құм, тастар, топырақтар мен шлактар табанды тітіркендіреді. Осылармен жүргеннен кейін соңында жұмсақ шөптің немесе басқа жұмсақ заттардың үстімен жүру организмге жағымды әсер береді.
Жалаң аяқ жүру белгілі бір гигиеналық ережелерді сақтауды қажет етеді. Әрбір серуендеуден кейін аяқты бөлме температурасындағы сабынды сумен мұқият жуу керек. Жатарда табанға қоректік кремдерді жаққан жөн. Жалаңаяқ жүруден табанда жарақат пайда болмағандығын күн сайын тексеріп отыру керек.
Бұрыннан ауруы бар адамдар жалаң аяқ жүруге көшпес бұрын өз дәрігерінен ақыл-кеңес алуға тиіс.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
суреттер: nowaday.biz, budem-krasivy.ru, centr-crm.ru, svyatorus.com