- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жақсы тамақтанатын ел...
Жақсы тамақтанатын ел
Oxfam ұйымының мамандары түрлі ел тұрғындарының қандай көлемде, қандай ас түрлерімен тамақтанатынын, тамақтануға байланысты аурулар статистикасын, түрлі азық-түліктердің сапасын, қолжетімділігін зерттеп, халқы ең жақсы, сапалы тамақтанатын елдердің тізімін жариялады.
125 ел қатысқан зерттеу нәтижелері бойынша, тізімді Нидерланды елі бастады. Бұл елдің тұрғындарының рационы түрлі, оған қоса тамақтануға байланысты басты қиындық – диабет ауруы аса көп таралмаған. Голландиядағы жалғыз қиындық артық салмаққа шалдығу екен. Бұл дерт қазірде халықтың әр 5-ші тұрғыны үшін мәселеге айналып отыр.
Тізім бойынша, Голландиядан кейін Франция, Швейцария, Дания, Швеция, Австрия, Бельгия, Ирландия, Италия, Португалия елдері тұр. Бұл елдердің барлығы Еуропада орналасқан.
Ең нашар тамақтанатын ел ретінде Чад аталып отыр. Мұндағы азық-түліктер өте қымбат бола тұра, аса пайдалы деп атауға келмейді екен. Чад еліндегі әр 3-ші бала салмағының аздығынан түрлі ауруға тап болады.
Чад сияқты тамақтану саласымен мақтана алмайтын елдер қатарында Эфиопия, Ангола, Йемен бар.
Ең қолжетімді тамақ АҚШ-та екен. Ал Анголада тамақты оңайлықпен таба алмайсыз. Сапасы жағынан ең жақсы тағам түрлерін Исландиядан тата алсаңыз, сапасы бойынша ең нашар ас Мадагаскар аралында екен.
Диабетке ең көп шалдыққан ел – Сауд Арабиясы (халқының 18%-ы). Ал артық салмақтан ең көп зардап шегетін ел Кувейт болып шықты (халқының 42%-ы). Сондай-ақ АҚШ пен Мысырда әр 3-ші азамат артық салмақтан зардап шегеді. Айта кетсек, бұл тізімге Науру аралы қосылмады. Ондағы халықтың 71%-ы артық салмаққа ие.
Ең "арық" елдер қатарында – Бангладеш, Непал, Эфиопия.
Бурунди халқының 67%-ы күнделікті қажетті тамақ мөлшерін жеуге мүмкіндіктері жоқ. Ал Үндістанда балалардың 44%-ы өз жастарына сай салмаққа жете алмайды.
Қазақстан аталған тізімнің 44 орнына жайғасты.
Сіздің ойыңызша, біздің елде тамақтану сапасы қандай деңгейде?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: joyreactor.cc
С. А