Аурухананың табалдырығын аттап, дау-дамайға толы кезектен өтіп, дәрігерлердің ана кабинеттен мына кабинетке сілтеуіне жүгіріп, ұзақ жұмыс істейтін компьютерлерін тосып жүйкең жұқарып жүргенде ауруыңды да ұмытып кете жаздайсың. Алайда өзіңді емдейтін дәрігер жақсы, білікті маман болса, дертіңе шипа беруге септігін тигізе алса, басқа мәселелерге көз жұма қарауға болады. Ал жақсы дәрігерді қалай танимыз?
«Сіз» деп сөйлеуі. Бұл болмашы нәрсе секілді көрінгенімен, дәрігерді бірден танытатын алғашқы белгісі. Әсіресе пациент дәрігерден кіші көрінсе, «сенге» көшіп кететін жағдайлар кездеседі. Бұл мемлекеттік ауруханада да, жекеменшік ақылы емханада да көрініс табуы мүмкін. Алайда дәрігер тұтынушысын қанша жерден жақын тартса да, қаншалықты кіші көсре де, ол алдына емделуге келіп отырған пациент болғандықтан «сіз» деп сөйлеуі мәдениеттіліктің, көрегендіктің белгісі.
Тыңдау білуі. 2018 жылы АҚШ және Мексика зерттеушілері дәрігер пациенттің сөзін бөлмей қаншалықты тыңдай алатына сараптама жасау үшін тәжірибе жүргізді. Дәрігерлер кабинетіне камера қойып, 112 кеңес беру сәтін таспаға түсірген. Сонда «Жағдайыңыз қалай?», «Қай жеріңіз ауырады?» деген секілді сұрақтарға жауап беруге небары орта есеппен 11 секунд қана бөлетініне көз жеткізген. Ары қарай дәрігер жағдайды анығырақ ету үшін өзі сұрақ қояды не басқа сұрақпен сөзін бөліп жібереді екен. Зерттеушілер алдына келген адам жағдайын толыққанды айтып беруіне үш дәрігердің біреуі ғана мүмкіндік беретініне куә болған.
Мұны мамандар қабылдау уақыты шектеулі, кей пациенттер көбіне егде жақса келгендер ойын нақты жеткізе алмайды және кейбір сөздерінің еш маңызы жоқ деп түсіндіреді. Дәрігер тұтынушысын тоқтатып тастап: «Бәрін түсіндім, ары қарай өзім айтайын» дегендей болады. Бұл көп жағдайда дұрыс бола бермейді. Өйткені дәрігер қоятын диагноздың сапасына сын келтіруі ықтимал.
Сұраққа құмарлығы. Кейде дәрігердің қабыладуынан шыққаннан кейін ішіңізде бірнеше сұрақ жауапсыз қалуы мүмкін. Айтқандарының кейбірін түсінбейсіз не сұраудың реті келмейді. Мүмкін дәрігер сұрағыңызға ашумен жауап берді не қанағаттанарлық түсінікті жауап ала алмадыңыз. Педагогика сияқты медицинада да оқушы не емделуші кеңес алғаннан кейін ешқандай сұрақ қоймаса, түк түсінбегенінің белгісі. Дәрігер әр қабылдау аяқталарда «Маған қояр басқа сұрағыңыз бар ма?» деп сұраса, бұл өте тамаша. Егер дәрігер пациентке ойын түсінікті етіп жеткізе алмаса не мағынасы тереңдегі терминдермен ғана сөйлессе, бұл дұрыс емес. Демек пациентті өзінен төмен санайды не ол тақырыпқа қатысты өзі де жөнді ештеңе білмейді. Сауатсыздығын осылай жасырғысы келеді. Әлде жай ғана оны сіздің жағдайыңыз еш алаңдатпайды.
Ашық әңгімелесе алмауы. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, пациент дәрігеріне барлығын ашық айта алмаса, бұл да емнің сапасына кері әсерін тигізеді. Әсіресе қазақтар арасында талқыға сала алмайтын жабық тақырыптар көп. Алайда ол дәрігерден жасыратын нәрсе емес. Тәжірибелі дәрігер емделушісімен тығыз қарым-қатынас орнатып, барлығын бүкпесіз жеткізе алатындай жағдай туғызады. Мысалы салғырттықтан не қаражат жеткіліксізідігінен оның айтқандарын толық орындай алмағаныңызды да жасырмауыңыз керек, бұл жағдайға дәрігер ұрсып, пациентті сөгер болса, екінші рет одан шындық іргесін аулақ салады. Ақша туралы әңгімеге келгенде де қымбат дәрі алуға жағдайыңыз жетпейтінін ашып айтсаңыз, дәрігер міндетті түрде сізге сол дәрінің арзанырақ, қалта көтерерлік нұсқасын ұсынады.
Бұрыс диагноз. Кейде өзінің бас пайдасы үшін, өз қауіпсіздігі үшін, мансабына кесірі тимеу үшін, тіпті қалтасына қосылар қосымша қаражат үшін де сізге өзге диагноз қоя салатын дәрігерлер кездеседі. Міне, адамдықтан аттаудың ең жаманы осы. Медициналық ЖОО бітірген, ақ халат киіп жүретін, лицензиясы бар емханада жұмыс істейтін дұрыс дәрігер нақты медициналық бағытта ғана жұмыс істейді. Гомеопатия, биоэнергетика, гирудотерапия секілді дәстүрлі емес медицинамен айналыспайтын қалыпты дәрігер болса, пациенттің уақыты мен ақшасын нақты емге ғана арнайды. Алдыңғы бөлімде айтылғандай ашық әңгімеге дәрігер ұсынған емге қатысты емделушінің өзінің де көзқарасын тыңдауы керек. Ал егер мадициналық емес, халықтық не басқа да ем түрлерін құптайтын болсаңыз, онда таңдау өзіңізде.
Ғылыми мақалаларды оқи білуі. Бұл тармаққа дәрігердің ағылшын тілін меңгеруі мен мақалаға сараптама жасау машығы да жатады. Егер дәрігерден өз саласына қатысты соңғы рет қашан және қандай кітап не мақала оқығанын сұрасаңыз, ол өз білімін қуана-қуана бөлісуі керек. Интернетте блог жүргізетін болса, алған ақпараттарының сілтемесіне назар аударыңыз, ішінде шетелдік басылымдар да болғаны абзал.
Медицинада шығармашылық еркіндікке жол жоқ. Қателік жіберу, уақыт жоғалту мұнда кешірілмейді. Сізді басқа пациентпен шатастыру, өзінің шақырған уақытын ұмытып қалу не маңызды құжаттарды таба алмау жақсы дәрігерге жат қылық. Ол да адам, оның да басына түрлі іс түсуі мүмкін. Алайда үнемі маңызды емес істерге алаңдап кете беретін, ойын жинақтай алмайтын болса, оны жақсы маман деп айта алмаймыз.
Ең бастысы, дәрігер қабылдауынан шыққаннан кейін қандай күйде болатыныңыз. Өзіңізді жақсы сезініп, сол маманның кеңестері көңіліңізге қонымды боп, ауруыңыз жеңілдеп қалғандай сезімде болсаңыз, білікті дәрігердің қарауындамын деп есептей беріңіз.