Жағымсыз иістен бірге арылайық

Жағымсыз иістен бірге арылайық

Гигиена ережелерін ұстансаңыз да, аяқ киіміңізден жағымсыз иіс шыға ма? Одан құтылудың жолын бірге іздейік.

Біріншіден, жағымсыз иістің пайда болу себептерін анықтайық.

  • Аяқ киімнен жағымсыз иіс шығудың бірнеше басты себептері бола алады.
  • Жасанды материалдардан тігілген аяқ киім жағымсыз иістерді көбірек шығарады. Бұл оның материалдарына байланысты болады.
  • Ыстық ауа-райы аяқ киімдегі бактериялардың дамуына жол беріп, соған байланысты иістің де қаттырақ сезілуіне өз септігін тигізеді. 
  • Физикалық жаттығулар, ауыр жұмыс тері бездерінің жұмысын белсендірек етіп, аяқты қаттырақ терлетеді, иіс те жағымсыз болады.
  • Тамақпен бірге адам ағзасына түсетін түрлі дәмдеуіштер терінің иісі мен аяқтан шығатын иіске өз әсерін бере алады екен.
  • Ал ең жағымсыз деген иіс ағзасында улы заттар, қалдықтар бар адамның аяғынан шығады. Мұндай иіс темекі шегетін адамдардан байқалады.

Профилактика

Кім болса да аяғынан, аяқ киімінен жағымсыз иістің шығуынан сақтанғысы келеді. Ол үшін профилактикалық шараларды қолға алған дұрыс. 

Ең бірінші ағзаны тазартып, улы заттар мен қоқыстарды шығару керек. Ол үшін тамақтануыңыз бен гигиенаны ретке келтіру керек. Аяқ киімді де киіміңіз сияқты жиі жуып тұру қажет. Жағымсыз иіс аяқ киімге сіңіп кетпеуі үшін дезинфекциялайтын арнайы сұйықтықпен сүрткен дұрыс. Сондай-ақ табиғи маталар синтетикаға қарағанда жағымсыз иістер шығармайды. Сондықтан табиғи маталардан тігілген шұлық, ұлтарақтар таңдаңыз. Аяқ киімді таңдағанда да табиғи былғарыдан жасалынған түрлерін алғаныңыз жөн. Керісінше жағдайда аяғыңыз «дем алмайды». Ал табиғи былғары ауаны өткізіп, аяқтың терлеуіне мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ алып жатқан аяқ киіміңіз тым тар болмауын қадағалаңыз. Шұлықтарыңызды күн сайын ауыстырып, уақытында жуып тұрыңыз.

Аяқ киімге жағымсыз иіс сіңіп үлгерді. Не істеймін?

Әрине көбіміз профилактика жайлы ойламай, аяқ киім сасып тұрғанда ғана мәселеге көңіл аударамыз. Қонаққа барғанда аяқ киім шешуден ұялмас үшін, аяқтарымыз бен аяқ киімдерімізді өңдеп, жағымсыз иістен арылайық.

Аяқ киімге:

  • Біріншіден, аяқ киімді жақсылап сабынмен жуып алған жөн. Ұлтарағы мен бауларын бөлек кірін кетіріп жуыңыз. 
  • Иіс кетпеген жағдайда аяқ киімнің ішкі жағын сірке суы не сутегі тотығы малынған мақтамен сүртіп шығыңыз. Дауаны бірнеше рет қайталауға болады. 
  • Иіс тым сіңіп кеткен аяқ киімнің ұлтарағын ауыстыруға болады. Жаңа ұлтарақтың ауа өткізу қабілеті де жақсы болмақ, демек бұл да аяқ киімнен жаман иіс шығудан сақтайды.
  • Аяқ киім ылғал болып қалған жағдайда (судан, жаңбырдан, тіпті терлегеннен) оны міндетті түрде кептіріп алу керек. Бактериялар ылғал жерлерді мекендейтінін естеріңізге салсақ, ылғал аяқ киімде аяғыңызда түрлі бактериялар дамып, аяқ терісінің ауруларына әкеле алады.
  • Жаман иісті кетіретін тағы да бір тәсіл: түнде аяқ киімнің ішіне белсендірілген көмір дәрісін немесе ас содасын сеуіп қойыңыз. Бұл заттар жағымсыз иісті сіңіріп алу қасиеттеріне ие. 
  • Заманауи медицина аяқ киімнің ішіне шашуға болатын арнайы дезодоранттар ұсынуда. Оларды арнайы дүкендерден не дәріханадан алған дұрыс. 

Аяққа:


Аяқты жуу жағымсыз иісті кетіреді, бірақ бұл аурудың себебі емес, салдарынан ғана арылтады. Аяқтың аса терлеуін басу үшін аяқты емен қабығының қайнатпасы қосылған суға салып жүріңіз. Сондай-ақ, теңіз тұзын қолдануға болады. Аяқты осындай ерітіндіде шайған кезде қырғыш көмегімен қатып қалған теріні алып отыру керек. Аяқты шайып болғаннан кейін оны марганцовка ерітіндісіне малынған мақтамен сүртіп шыққан абзал.

Аяқта түрлі жаралар, тері аурулары пайда болған жағдайда міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: menshealth.com, genadiafanassjev.blogspot.com

С. А