Ауыздан шыққан жағымсыз иіс сіз жайлы пікірді бірден бұзып, атыңызға кір келтіре алады. Оған жол бермей, ауыздан шығатын жағымсыз иісті кетіруге тырысыңыз.
Тіс тазалау
Тісті күнделікті тазалау – ауыз гигиенасының бірінші әрі ең маңызды бөлігі. Тісті күніне кем дегенде екі рет, мүмкіндігінше тамақтанғаннан кейін бірден тазалау керек. Сондай-ақ, тісті тазалағаннан кейін бір сағат ішінде тамақ жемеуге тырысыңыз. Тіс тазалағанда қоқыммен бірге тістің табиғи қорғаныс қабатын да шайып тастаймыз. Осы кезде тістің сезгіштігі жоғарылап, тамақ не сусын әсерінен зақымдануы мүмкін.
Зиян тамақтар жемеңіз
Тамақтану рационы мен адамның жалпы денсаулығы тығыз байланысқанын білеміз. Ауыздан шығатын жағымсыз иіс те зиян тағамның әсері болуы мүмкін. 2-3-ақ күн зиян, тым майлы аспен тамақтанып жүрсеңіз, ауыңыздан шыққан жағымсыз иісті сезе бастайсыз.
Рационыңызға мына заттарды қосыңыз
Ақжелек. Ауыздан шыққан жағымсыз иісті бейтараптандырып, кетіреді. Қол астында ақжелек шөбі болмаса, жалбыз, розмарин, кардамон не кориандр шөптерін шайнап көріңіз. Бұл шөптердің барлығы аспаздықта қолданатындықтан, біреуі болмаса екіншісі ас үйден табылып қалар. Ауыздың жағымсыз иісі сіз үшін күнделікті мәселеге айналса осы шөптерден демделген шайларды ішуге болады.
Клетчаткаға бай жеміс пен көкөністер. Оларға алма, сәбіз, балдыркөк (сельдерей) жатады. Мұндай тағамдар ауызда сөлдің бөлінуін тездетеді, нәтижесінде сөл өзі-ақ ауызды шайып, жағымсыз иісті кетіреді.
Құрамында С дәрумені бар тағамдар. Олардың арасында цитрусты жемістер мен жидектер бар. Лимон, апельсин, құлпынай, таңқурай, бүлдірген ауыз қуысын дезинфекциялап, бактерияларды жояды, солармен бірге жағымсыз иіс те кетеді.
Тіс дәрігерінің көмегіне жүгініңіз
Тіс дәрігеріне тісіңіз шаншып ауырғанда ғана барасыз ба? Ал тіс дәрігері ауыз қуысындағы қиындықтарға байланысты көмегін бере алатындығын білесіз бе? Егер сіз үшін ауыздың жағымсыз иісі нағыз қиындыққа айналса, дәрігерге барып, кариес, пародонтит пен ауыз қуысының бактериозы ауруларына тексерілген жөн. Дәл осы аурулар жағымсыз иістің себебі болуы мүмкін.
Бастысы қиындықты ертенге қалдырмай, мәселені шешуге тырысыңыз. Себебі ауыздың жағымсыз иісі сіз жайлы пікірді бұзып, жұмыста, сабақта, жалпы адамдармен қарым-қатынаста кедергі бола алады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: telegraf.rs