- Негізгі бет
- Денсаулық
- Италия коронавируспен қалай...
Италия коронавируспен қалай күресіп жатыр?
Еуропа елдерінің арасында Covid-19 жұқтырғандар саны бойынша Италия көш бастап тұр. Елде алғашқы жағдай 20 ақпан күні Кодоньо қаласында тіркелген.
Дегенмен жергілікті басылымдар вирус оған дейін басталған деп болжауда. Өйткені Кодоньо қаласында соңғы айда өкпе ауруына шағымданып, ауруханаға тіркелгендер саны артқан. Massaget.kz Италияның коронавируспен күресуде қандай сақтық шараларын қолданғанын білу үшін Милан қаласының тұрғыны Иван Марианимен тілдесті.
"Италия бүгінде толықтай карантинде. Барлығы қауіпті аймақта. Мемлекеттің денсаулық сақтау ұйымы қазір вирус жұқтырғандарға және күдігі барларға тегін көмек көрсетуде, әр адамға күніне 2000 еуро төленеді", - дейді Иван.
"Бастапқыда жұрт қатты дүрлікті. Барлығы жаппай тұтынатын өнімдерді сатып алуға көшті. Бірақ сауда үйлерінде өнім жеткілікті. Италия одан зардап шегіп жатқан жоқ", - деп вирус анықталғаннан кейінгі халықтың шулауын қалыпты деп түсіндірді.
"Далаға шығу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ. Бірақ көшеде не себеппен тысқа шыққаныңызды тіркейтін полиция қызметкерлері бар. Егер көшеге себепсіз шықса, айыппұл салады. Бүгінге дейін 70 адамды қамауға алды.
Шынында, емханалардағы жағдай мәз емес. Өйткені біз оған дайын болмадық.
Қазір ауру белгілері байқалса, емханаға өз бетіңмен бара алмайсың. Тек жедел жәрдем шақырып қана мәселені шешуге болады. Егер белгілер сәйкес келіп, қауіп жоғары болса ауруханаға алып кетеді.
Мемлекеттен бөлек, қарапайым халық пен қорлар ауруханаларға қайырымдылық ретінде ақша аударғанын естідік. Сондықтан емханалардың емдеу шараларына сай аймақ дайындауға мүмкіндіктері артты.
Күніне 2000-ға жуық жағдайдың тіркеліп жатқанын естіп-біліп отырған боларсыздар. Бастапқыдай емес, қазір қорқыныш сейілді. Өйткені біздің мемлекет барлық жағдайды еш бүкпесіз жеткізіп отыр. Ауруға шалдыққандар санын жасырып не азайтып отырған жоқ. Барлық нәрсе уақытында хабарланады.
Ең қорқыныштысы – вирусты "ойыншық" санау. Оны елемеу және өз бетіңмен емделу", - дейді Иван.
Сонымен қатар, Италия азаматы айтылған барлық талаптарды орындап, көпшілік жерден алыс болуға шақырады.
Т. Есқали