Бүгінгі таңда ми қан айналымының бұзылуы салдарынан көптеген адам инсультке ұшырауда. Мұндай ауруға көп жағдайда қан қысымы көтерілген адамдар душар болады. Инсультке шалдыққан қазақстандықтардың саны күннен-күнге артуда. Ешқашан дәрі ішіп, егу жасатып көрмеген адам да табан астында бұл дертке душар болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан осы ауру жөнінде ақпарат беріп өтуді жөн көрдік.
Нейрохирургтардың айтуынша, инсультке шалдыққан адамға 3 сағат ішінде жәрдем көрсетілсе, оны осы ауыр аурудан құтқарып алуға әбден болады. Ол үшін жедел жәрдем келгенше ауырып жатқан адамның инсульт алған-алмағанын анықтау керек. Ал инсульт алған адамды қалай анықтауға болады?
Инсульт бірде оң жақтан, бірде сол жақтан ұстайды. Оған шалдыққан адамның бірден екі жағының бірі істен шығады не өз қызметін әлсіз атқарады.
Инсультты танудың 4 жолы:
- Құлап жатқан адамнан күлімсіреуді сұрау керек. (Оған оның шамасы жетпейді)
- Одан қарапайым бір сөйлем айтуын өтіну керек. (Мысалы, "Бүгінгі күн тамаша")
- Екі қолын бірдей көтеруін сұрау керек. (Қос қолын бірдей көтере алмауы мүмкін. Не әрең дегенде тек біреуін ғана қозғай алады)
- Тілін шығаруын өтіну керек. (Тілі бұралып сөйлей алмауы мүмкін)
Мұның бәрі жедел жәрдем келгенше жасалуы керек.
Инсульттың белгілері:
- Сезім мүшелері істен шығады;
- Басы қатты ауырады;
- Жүрегі айнып, құсқысы келеді;
- Көзінің көруі нашарлайды;
- Тілін әлдебіреу тартып тұрғандай, сөйлей алмай қалады;
- Салмағы артып кеткендей болып, өз денесін өзі көтере алмай қалады;
Ауру адамның сезім жүйелері істен шығып, сөйлей алмай жатқандықтан көп жағдайда олар ұйықтап, не жай ойланып жатқан жанға ұқсайды. Осылай ұзақ жата берсе, оның жазылуы да ұзаққа созылады. Не елеусіз қалып қойса, сол бойы көз жұмып кетуі де әбден мүмкін.
Инсульттен ары болу үшін:
- Уақытылы тамақтану керек;
- Артық салмақтан арылу керек (Егер аса семіз болсаңыз);
- Шылым мен ішімдіктен бойды аулақ салу керек;
- 8 сағаттан аз ұйықтамау керек;
- Күні бойы бойға физикалық салмақ салмау керек;
Аурудан аман болайық, ағайын!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: kakprosto.ru