- Негізгі бет
- Денсаулық
- Иммунитет пен ішек...
Иммунитет пен ішек неге тығыз байланысты?
Иммунитет пен ішек, бір қарасаңыз, өзара еш байланысы жоқ сияқты көрінеді. Иммунитет деген – адамның вирус, бактерия, саңырауқұлақ сынды патогенді заттардың ағзада ауру туғызуына жол бермейтін қорғаныш қабілеті. Ал ішек дегеніміз – ас құрамындағы қоректік заттардың қорытылу және сіңірілу процестері жүретін түтікше асқорыту мүшесі. Бір-бірінен алыста жатқан құбылыстар.
Десе де, екеуінің арасында байланыс өте жақын. Егер ағзаның ішек микрофлорасы дұрыс болмаса, онда адамның иммундық қабілеті нашарлап кетеді.
Ішек – сан түрлі вирус, бактериямен бетпе-бет келетін орган. Адамның иммунды жасушаларының 80 пайызы дәл осы ішекте жатыр. Ішектің шырышты қабатының төрттен бір бөлігі иммунды жасушалармен қапталған. Бұл иммунды жасушылар ағзаға, қанға өзгетекті (вирус пен бактерия) патогендерді кіргізбей қорғап тұрады.
Ішекте Т-лимфоцит (патогенді табады), макрофаг (патогенді өлтіреді), иммуноглобин (антиденешік, иммунды жасушаны бөлуші ақуыз) сынды иммунды жасушалар жинақталған. Бұларды "жергілікті иммунитет" дейді.
Иммуноглобиннің А, М және G сынды түрлері бар. А санатты иммуноглобин – ішектің шырышты қабығының ең алғашқы қорғаныс жүйесі. Бұл да – ақуыз. Патогенді агентті таныған кезде-ақ шабуылға көшеді. Бактерияның токсиндік зиянын жоямен айналысады. Бірақ оны өлтіруге күші жетпейді.
Ал М және G санатты иммуноглобиндер ағзаға түскен микроб жайлы ақпараттарды жинап, соны синтездейді. Иммунореактивті үрдісті іске қосып, енді осы микробтан қорғанудың амалдарын жасайды.
Ішек иммунитетінің тағы бір маңызды құрамы – микрофлора. Бұлар ішекке түскен патогенді микрофлорамен "шайқасап", оны құртумен айналысады. Егер ішек микрофлорасы дұрыс жұмыс істесе, қабынуға қарсы түрлі заттарды бөлуге көңіл бөледі.
Бір қызығы, адам қартайған сайын ішектегі пайдалы бактериялардың саны азайып, патогенді бактериялар көбейе бастайтын көрінеді. Ал мұндай бактериялар ағзада қабынуды туғызады. Адамда уақыт өте келе созылмалы аурулар пайда болатыны содан. Асқазанның тамақты дұрыс қорытпауы да – адамның иммунды жүйесінің әлсірегенінің белгісі. Өйткені асты сіңіру органы – ішек дұрыс жұмыс істемей жатыр.
Ішек микрфлорасының бұзылуының негізгі себептерінің бірі – ағзаға жасұнықтың жетпеуі. Сондықтан жеміс пен көкөністі көбірек жеген жөн. Соның арқасында ішек микрофлорасындағы пайдалы бактериялардың түрі көбейеді.
Қ. Слямбек