Адамның иілгіштігі – дене сұлулығы мен денсаулығы ғана емес, сонымен қатар оның күші. Йогада икемді адамды жел кезіндегі қамыспен салыстырады. Қатты жел соққанда аз қозғалатын ағаштар сынса, қамыс бұтағы қайырылып қана қояды. Иілгіштікке арналған жаттығулар денеңізді күшті әрі шыдамды етеді, аяқ, арқа, пресс бұлшықеттерін қатайтады. Ол ұйқыңызды жақсартып, жалпы ағзаның тонусын көтереді.
Иілгіштікті созылумен шатастырмаңыз. Иілгіштік генетикаға негізделген, мысалы, бірі жасы үлкейсе де шпагатқа еркін отыра алса, енді бірі бірнеше ай жаттығудан соң да қиналатын болады. Созылу – иілгіштікті дамытатын физикалық жаттығу. Яғни, иілгіштік созылуға байланысты.
Иілгіштікті қалай тексеру керек?
- Басыңызды төмен түсіріп, иекті төске дейін жеткізіңіз. Арқаңызды дөңгелетіңіз. Егер арқа омыртқаңыздан ауыртпалық немесе қолайсыздық сезініп, көзіңіз қарауытып кетсе, ағзаңыз жеткілікті деңгейде иілгіш еместігін білдіреді;
- Омыртқаңызды ақырын артқа қайырыңыз. Егер қандай да бір жеріңізде жағымсыз немесе ауыртатын сезім (немесе сықыр) байқасаңыз, өмір сүру қағидаңызды өзгерту керек;
- Тізеңізді бүкпей, алақаныңызды еденге қойыңыз. Қалыпты жағдайда сіз қолайсыздық сезінбеуіңіз керек.
Жалпы қауіпсіздік ережесі:
- Иілгіштік жай дамиды. Мысалы, қарапайым адамға шпагатқа отыру үшін жарты жылдан екі жылға дейін уақыт керек. Бір аптада немесе бір күнде иілгіш болуға болады деген тұжырымдар өтірік екенін ескеріңіз;
- Жаттығу ауыртпалық тудырмау керек. Өте қарқынды жаттығулар сіңірлерге зақым келтіруі мүмкін. Иілгіштікке арналған әр жаттығу бес минуттық ширатудан басталуы керек;
- Денеңіз үйлесімді әрі симметриялы дамуы үшін жаттығудың үйлестірілген жиынтығын таңдаңыз. Барлық бұлшықетті қозғайтын 10-15 жаттығу түрін алыңыз.
Иілгіштікке арналған жаттығулардың динамикалық және статикалық түрлері болады.
Иілгіштікке арналған динамикалық жаттығуда тапсырылған жаттығу санын ақырындап көбірек қайталай беруге негізделген. Динамикалық созылу буын иілгіштігін және көп қозғалысты қажет етіп, бұлшықетке қан құйылуын жоғарылатады. Соның себебінен, олар оттекпен жақсы жабдықтайды.
Иілгіштікке арналған статикалық жаттығу бұлшықеттер максималды тартылып тұрғанда сол күйде 30-60 секунд қозғалмай ұстап тұруға негізделеді. Статикалық созылу буындар мен сіңірлердің иілгіштігін жақсартады. Жаттығудың осы түрі ең қауіпсіз. Алайда жаттығудың екі түрін де үйлестіріп жасасаңыз, нәтиже жақсы болады.
Жалғасы бар...