Угги – қысқы аяқ киім. Кей адамдар оның аяқты тоңдырмайтынын айтса, енді бірі жүріс-тұрысты өзгертіп, стильді бұзады деген пікірді ұстанады. Ал лондондық хирургтер денсаулыққа зиянды тұсын айтты, - деп жазады Daily Mail.
Угги етігі тізе ауруына шалдықтыруы мүмкін екен. Ортопедиялық хирург Иэн Макдермотт угги етіктері аяққа жеткілікті деңгейде сүйеу болмайтындықтан, тізеге, нақты айтқанда тізе буынының шеміршегіне зиян келтіруі мүмкін екендігін айтады.
Мамандар мұндай етікті мүлде кимеуге, тым болмаса угги және тағы бір қыстық аяқ киім алып, алмастырып киюге кеңес береді.
Осыған дейін де угги етіктерінің денсаулыққа зиянды тұстары жайлы айтылып келген. Өкшесінің жоқтығы және табанының жұмсақтығы аяқты "майтабан" етуі мүмкін. Сондықтан, дене бітімі енді қалыптасып келе жатқан балаларға угги етіктерін кигізу зиян. Жүріске де кері әсерін тигізеді. Британ остеопатия зерттеу институның профессоры Йен Дрисдэйл зерттеуі нәтижесіне сай, угги етіктерін күнде киюге болмайды. Себебі, оның тым жұмсақтығы табанға қан жібермей, аяқ бұлшықеттерін бос ұстап тұрады екен.
- Уггиді ұзақ киюшілердің омыртқа сүйектері де зардап шегеді. Бір сөзбен, угги етіктері қаншалықты ыңғайлы болса, соншалықты зиянды... Угги ішіндегі аяқты тіреп тұратын бөлігі жоқ, сондықтан адамның жүрісі де бұзылады, - деген еді.
Айта кетейік, угги етіктерін австриялық фермерлер ойлап тапқан. Етік атауының қазақша баламасы — "сүйкімсіз аяқ киім". Яғни, етік пішінінің тым дөрекі әрі ұсқынсыздығына байланысты шыққан. Нақты деректемелерге сүйенсек, "угги" атауын 1971 жылы австриялық фермер Шон Стедман ойлап тапқан екен. Бастапқыда, бұл етіктер ешкі терісінен тігілген, өте жылы әрі ыңғайлы болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, корпусына қалың мұз қатқан ұшақта жүретін ұшқыштар аяқтарын жылы ұстау үшін угги етіктерін киген.