Гиннестің рекордтар кітабы: Әлемдегі ең ұзын тіс

Германияның Оффенбах қаласында тіс дәрігері әлемдегі ең ұзын тісті жұлды. Бұл туралы Deutsche Welle интернет-басылымы хабарлады.

2018 жылы Макс Лукас есімді тіс дәрігеріне 63 жастағы хорват азаматы ауырып келген. Дәрігер пациентті операцияға дайындау кезінде қызылиектен тек төрттен бір ғана бөлігі шығып тұрған ерекше ұзын тісті байқайды.

Науқасқа ота жасалып, нәтижесінде операция сәтті аяқталады. Жұлынған тісті дәрігерлер бірден өлшеуге кіріседі. Оның ұзындығы 37,2 миллиметр (шамамен 4 сантиметр) болған. Бұны рекордтық көрсеткіш ретінде тіркеу үшін дәрігер қажетті құжаттарды жинап Гиннестің рекордтар кітабына өтініш жазған. Ұзақ уақытты қажет еткен тексерістен кейін бұл тіс – әлемдегі ең ұзын жұлынған адам тісі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.

29 қазан күні дәрігерге Гиннес рекордтар кітабының сертификаты табысталды. Лукас бұл сертификатты кабинетіне мақтанышпен іліп қоятынын айтты. "Бұл рекорд жайлы бүкіл әлемнің дантистері біліп жүрсін", - дейді ол.