Жыл сайын 28 шілдеде әлем бойынша гепатитпен күресу күні атап өтіледі. Оның басты мақсаты — тұрғындардың гепатит жайлы білімін арттыру.
Гепатит — бауырдың қабынуы. Ол көптеген жұқпалы және жұқпалы емес факторлардан, соның ішінде алкогольден, кей фармакологиялық препараттардан және т.б болуы мүмкін. Алайда гепатиттің пайда болуының жиі кездесетін себебі вирустар болып келеді. Қазіргі таңда гепатиттің 5 вирусы белгілі: A, B, C, D және E. Олардың әрқайсысы адамға қауіп төндіреді.
Вирусты гепатиттер түрлі жолдармен жұғуы мүмкін. А және Е гепатит вирустары, әдетте, ластанған су, тағамдық өнімдер және лас қол арқылы жұғады.
B, C және D гепатит вирустары қан арқылы (есірткіні инъекциялау кезінде, стерильді емес құралдармен татуировка, пирсинг, косметикалық поцедура, маникюр, педикюр істеу кезінде), босану кезінде анасынан балаға және қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде жұғады.
Гепатиттің белгілері қандай?
Ауыратын адамда барлық жағдайда бірдей белгілері көрінбейді. Бұл созылмалы ауру бауыр қызметі қатты бұзылғанша ұзаққа дейін білінбейді.
Шығу тегі әртүрлі болғанымен, барлық гепатиттер бірдей білінеді:
- іштің үстінгі оң жағының ауыруы;
- сарғаю;
- қою түсті зәр, ашық түсті нәжіс;
- дене температурасының көтерілуі;
- жалпы мазасыздық;
- жүрек айну, құсу;
- тәбеттің болмауы;
- шаршаңқылық;
- терінің қышуы.
Бұл патогенді жасушалардың ағзаға түсуінің алдын алу үшін мына ережелерді сақтаңыз:
- А және Е гепатитінің алдын алудың негізгі әдісі — даладан кірген соң және дәретханадан шыққан соң қолды жақсылап жуу. Сондай-ақ, күмәнді су қоймаларынан су ішпеңіз, көкөністер мен жемістерді жер алдында қайнаған суға шайып алыңыз және ғимараттың ішін таза ұстаңыз;
- B, C және D гепатиттерінің алдын алудың жалпы ережесі — басқа адамдардың биологиялық сұйықтықтарымен байланысудан аулақ болу. Дұрыс танымайтын адаммен қорғалмаған жыныстық қатынасқа түспеңіз. Басқа адамның маникюрге арналған құралдарын, қайшысын немесе ұстарасын пайдаланбаңыз.
- Гепатит вирустарының алдын алудың тағы бір жолы — вакцина алу.