- Негізгі бет
- Денсаулық
- Гемоглобиннің ағзадағы қызметі...
Гемоглобиннің ағзадағы қызметі
Дәрігер алдын көрмейінше өз денеміздің құрылымын ойлай бермейміз, ағзадағы жасушалар туралы айтудың өзі артық. Бірақ кейде қан тапсыру секілді тексеру қорытындыларын алғаннан кейін ағзамызда белгілі бір құрауыштар мөлшерден көп не жетіспейтінін білгенде ғана сол нәрсеге қызығушылық танытып, ақпарат жинай бастаймыз. Бүгін біреуде аз, біреуде көп деп жататын гемоглобин элементінің қызметі жөнінде мәлімет береміз.
Адам тыныс алған кезде өкпесіне оттек барады да, ары қарай басқа ағзаларға таралады. Бірақ ол өздігінен таралмайды. Оны тасымалдау қызметі эритроцитті гемоглобин – күрделі ақуызына тиесілі. Тіндерге оттегі тасымалданғаннан кейін, гемоглобин өкпеге қайтадан көмірқышқыл газын жеткізеді, пайдасыз ауа дем шығарғанда осылай сыртқа шығып кетеді. Сонымен, гемоглобиннің негізгі қызметі – бүкіл ағзаны оттегімен қамтамасыз ету.
Осы ағуызсыз өмір сүру мүмкін емес десек те болады. Сол себептен қан құрамындағы гемоглобин деңгейі түсіп не көтеріліп кетсе, түрлі патологиялық ауруларға ұшыратуы ықтимал. Оның концентрациясы адамның салауатты өмір салтын дұрыс ұстануына тікелей байланысты.
Негізінде гемоглобиннің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Физиологиялық (қалыпты) негізгі екі түрі бар: оксигемоглобин және карбогемоглобин. Оның біріншісі ағзаға оттегіні жеткізсе, екіншісі, яғни карбогемоглобин көмірқышқыл газын тасымалдайды.
Бірақ "жаман" гемоглобин де бар. Егер ақуыз зиянды химиялық заттар не улы газ арқылы глюкозамен бірге түсіп кетсе, оны дисгемоглобин деп санайды, оның денеге ешқандай пайдасы жоқ. Мысалы HbА1С – глюкозаланған гемобглобині мөлшерден көп болса, ол қант диабетіне шалдықтырады. Сонымен қатар патологиялық гемоглобинге жататын карбоксигемоглобині (улы газ арқылы), метгемоглобин секілді "нашар" гемоглобиндер өткір химиялық улану (отравление) ауруына шалдықтырады.
Бала туа салысымен үш күнге дейін оның қан құрамындағы гемоглобин деңгейі өте жоғары көрсеткіште 145–225 г/л болады. Содан соң бір апта өткенде 135–215 г/л, екі аптадан кейін 125–205 г/л, бір айда 110–175 г/л, екі айда 90–140 г/л, үш айдан алты айға дейін 90–135 г/л болып азая береді. Содан соң бес жасқа жеткенше 105–140 г/л болып тұрақталады. Ал бес жастан он екі жасқа дейін қалыпты гемоглобин деңгейі 115–145 г/л болуы керек. 12 жастан асқан соң қалыпты мөлшері баланың жасына ғана емес, жынысына да байланысты болады. 12-15 жас аралығында қыз балалар үшін ұтымды көрсеткіш – 112–152 г/л болса, ұл балаларға сәл көбірек – 120–160 г/л. Одан кейінгі кәмелеттік жасқа жеткенше қалыпты көрсеткіш қыздарда – 115–153, ұлдарда – 117–160 г/л болғаны дұрыс.
Ал ересек адамдарға байланысты әйел адамдардың гемоглобині – 120-150 г/л, ер адамдарда – 130-160 г/л. Жас ұлғайған сайын (65 жастан кеійін) бұл көрсеткіш қайтадан төмендей береді.
@. @assel_assanova