Темекіні бірден тастау шылымнан біртіндеп бас тартуға қарағанда тиімдірек, − деп хабарлайды The Daily Mirror. Бұл Оксфорд университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
Доктор Никола Линдсон-Хаулидің айтуынша, тәжірибеге 697 адам қатысты. "Біз адамдарды екі топқа: "бірден тастайтындар" және "біртіндеп тастайтындар" деп бөлдік. Бірінші топтың адамдары бір күнді белгілеп, сол күні темекіден толық бас тартуы керек болды. Екінші топтың адамдары екі апта бойы шылымнан біртіндеп бас тартып жүрді", − деді ғалым.
Зерттеуге қатысқан адамдардың темекіні тастағанына бір ай өткеннен кейін ғалымдар нәтиже шығарды. Темекіні бірден тастауға бекінгендердің 49 пайызы қайтадан шылым тартпаған. Ал шылымнан біртіндеп бас тартқандардың 39 пайызы оған тәуелділіктен арылған. "Адамдардың көбі темекіге тәуелділіктен біртіндеп арылуды жөн санайды. Дегенмен біз оны бірден тастағанның тиімдірек екенін анықтадық", − деді Линдсон-Хаули.
Дереккөз: tengrinews