- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ғалымдар мызғып алудың...
Ғалымдар мызғып алудың денсаулыққа зиян екенін айтты
Токио университетіндегі жапон дәрігерлері күндізгі уақытта ұйықтаудың, яғни мызғып алудың денсаулыққа зиян екенін айтты, - деп хабарлайды Lenta.Ru. Зерттеулердің бұл қорытындылары Мюнхенде жыл сайын өтетін Еуропа ассоциациясы өкілдерінің диабет ауруын зерттеуге арналған кездесуінде айтылды.
Зерттеулердің қорытындыларына сәйкес, күндізгі уақытта мызғып алған адамдардың 45 пайызы екінші типті қант диабеті ауруына шалдығады. Айта кетейік, ғылыми зерттеу 21 ғалымның жетекшілігімен 300 мыңнан аса адамның негізінде жасалды. Сонымен қатар, күндізгі уақытта бір сағаттан аз мызғып алудың еш зияны жоқ екені айтылады.
Ғалымдардың айтуынша, адамға күндіз бір сағат ұйықтап алу жеткілікті. Себебі адам ұйықтаған кезде оның ұйқысы бірнеше фазада өтеді. Яғни, жай фаза кезінде дене босаңсып, тыныс алу баяулап, қан қысымы түседі, ми сыртқы қоздырғыштарға жауап бермей, тыныш күйде болады. Осы кезең ағзаның қалпына келуіне өте маңызды. Егер де адам ұйқы фазаларын бөлетін болса, ол оның психологиялық күйіне әсер етіп, физикалық белсенділігін төмендетеді. Содан ағзада эндокриндік бұзылулар пайда болып, адамдар екінші типті қант диабетіне шалдығады.
Айта кетейік, осыған дейін де дәрігерлер күндіз 40 минуттан артық ұйықтаудың денсаулыққа зиян екенін айтқан болатын. Мамандардың пікірінше, күндізгі ұйқы зат алмасумен байланысты аурулардың асқынып, қан қысымының жоғарылауына, холестерин мен май ұлпаларының, қандағы қант мөлшерінің көбеюіне әкеледі.
Дереккөз: Tengrinews
Y. Almabek