- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ғалымдар қай уақытта...
Ғалымдар қай уақытта тамақтанудың пайдалы екенін айтты
Адам ағзасына түскен астың қорытылуына, метоболизм құбылысының қалай жүзеге асатынына зерттеу жасаған Америка ғалымдары түске дейін жеген тағамның жұғымды болатынын айтады.
АҚШ-тың Теннесси штатындағы Вандербильт университеті ғалымдары жүргізген зерттеу PLOS Biology журналында жарияланды. Ғылым өкілдері университет қабырғасында метоболизм бөлмесін құрып, тәжірибеде өтуге келіскен адамдарды 56 сағат бойы ұстаған. Экспериментке қатысқандардың арасында жасы да, кәрісі де бар. Тәжірибенің ұзақтығы төрт айға созылған.
Ғалымдар қатысушылардың барлығына бірдей тамақ берген. Ұйықтау уақыттары да бірдей. Тамақты бірдей көлемде, бірдей калорияда бергенімен, тамақтану режімі әртүрлі уақытқа бөлген. Бірінші сессияға қатысқандарға таңғы ас сағат 8.00 бен 9.00 аралығында берілсе, түскі ас 12.30 бен 13.30 аралығында, кешкі ас 17.45 бен 18.15 аралығында берілген.
Ал екінші сессияға қатысқандарға таңғы асқа бір кесе шәй не қанты жоқ кофе, түскі асқа да шәй мен кофе берсе, кешкі асты ұйықтардың алдында, сағат 22.00-23.00 аралығында берген. Кешкі асқа таңертең және түсте желінбеген тамақты беріп, бір күндік калорияны бір уақытта берген екен.
Мұның барлығы адам жеген астың қорытылуы мен метаболизм үрдісі қалай жүретінін, адам қуатын қалай жұмсайтынын, көміртегі мен майдың қышқылдануын, тыныс алу жағдайын білу үшін жасаған.
Зерттеу қорытындысына көз жүгірсек, таңғы және түскі тамақты ішпей, кешкі тағамға бас қойған адамдардың ағзасында май жиналып қалғанын байқаған. Адам ағзасы түске дейін ішкен тағамды жақсы қорытып, жақты сіңдіретінін аңғарған. Таңғы және түскі тағамды тойып ішкен адамдардың ағзасы көміртегін түс уақытына дейін тез қорытып, ал кешкіге май мен липидтерді қалдырып, оны түнде, адам ұйқыда жатқан кезде қорытатынын көрген.
Ал таңғы және түскі тамақты ішпей, бір күнгі калорияны толықтыру үшін түнде тамақ ішкендердің ағзасы көміртегіні де, майды да дұрыс қорытпай, сол күйі қалдырған. Таңғы асты ішпегендердің ағзасы күні бойы қант пен тәтті тағамдарға «ашығып» жүретіні белгілі болды.
Ғалымдар арықтағысы келген адамдарға таңғы асқа не қаласа, соны жесе болады деп кеңес береді. Өйткені адам асқазаны таңертең жақсы жұмыс істейді де, асты тез сіңіреді. Осындайда халқымыздың «таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама» деген мәтелі еске түседі.
Ғалымдардың айтуынша, жұмысқа ешқашан ашқарынмен кетуге болмайды. Ағзаға өте зиян. Таңғы асты ішпеген адам басқа уақытта көп тағам тұтынуға тырысады екен.
Таңғы ас пен кешкі астың арасы қаншалықты ұзақ болса, соншалықты ағзаға пайдалы. Мұндай тамақтану режімі арықтауға әрі асқорыту жүйесін жақсартуға көмектеседі. Бұл, әсіресе, қарт адамдар үшін қажет режім.
Қ. Слямбек