Германиядағы Рур университетінің ғалымдары Е гепатитін (ВГЕ) емдеудің жаңа әдісін тапты. Бұл туралы Medical Express хабарлады.
Ғалымдар rokaglat деп аталатын химиялық түрлендірілген өсімдік қосылыстары ағзаны гепатит Е вирусымен күресуге көмектесетінін анықтады. Олар әртүрлі химиялық модификациялар кітапханасын жасап, олардың ауруға қалай әсер ететінін зерттеді.
Рокаглаттар – қызыл ағаштардың әртүрлі түрлерінен алынатын өсімдік заттарының тобы. Олардың кейбірі қатерлі ісік клеткаларының көбеюіне қарсы әсері бар екені белгілі. Зерттеушілер бұрын олардың РНҚ вирустарына қарсы әсерін зерттеген. Мысалы, олар "Эбола" вирусының, "Зика" вирусының және SARS-Cov-2 репликациясына кері әсер ете алады.
Енді ғалымдар тобы оның гепатит Е вирусына қарсы тиімділігін тексерді. Ол үшін зерттеушілер қатерлі ісік клеткалары мен Е гепатиті вирусының (ВГЕ) геномдарын репортер генімен белгілеген. Өндірілген ақуыздың мөлшеріне сүйене отырып, ғалымдар вирустың әртүрлі заттардың қатысуымен қаншалықты сәтті репликацияланғанын дәл өлшей алған.
Е гепатиті – ВГЕ вирусынан туындаған бауырдың қабыну ауруы. Жыл сайын әлемде шамамен 20 миллион ВГЕ инфекциясы орын алады, оның 3,3 миллионы симптомды. Оған қарсы Қытайда вакцина әзірленген. Бірақ басқа елдерде әлі жоқ.
Еске салайық, маусым айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) әлемде шығу тегі белгісіз гепатиттің 920 жағдайын жариялаған болатын.