«Ет етке, сорпа бетке» деп, етті аса сүйсініп жейтін халықпыз. Десек те кейбіреулер етті қатты ұната бермейді, тіпті кейбірі етті дұрыс қорыта алмай қиналады. Алайда еттің ағза үшін пайдасы шаш етектен екенін көпшілік біле бермейді. Оны ас ретінде ғана емес, шипа үшін де қабылдаған дұрыс. Ендеше еттің денсаулық үшін пайдалы тұстарын біле жүріңіздер.
Ертеде емшілеріміз асқазан дертімен сырқаттанатын адамға жас малдың етін сүтке пісіріп берген. Себебі сүтке піскен ет асқазанға күш түсірмейді және тез қорытылады. Сонымен қатар құрамы қоректік заттарға өте бай болғандықтан адамға күш-қуат береді. Сондықтан бүгінде жасы 40-тан асқан жандар, әсіресе әйелдер қауымы мұны аптасына немесе айына бір рет тұтынғаны жөн. Өйткені ол ағзаны кальциймен байытады.
Басқа төрт түлікке қарағанда қойдың етінде А1, В12, В1 дәрумендері мол. Қой етінің құрамында калций мен фосфор көп болғандықтан, жараның немесе ісіктің бетінің тез қайтуына көмектеседі. Ол үшін жаңа сойылған қой етін жұқалап тіліп алып сол қаракесек етті жылы күйінше ісіп тұрған жерге немесе жараға таңып қою керек. Қойдың етіне қарағанда ешкінің еті ауыр болады екен. Ал қойдың еті денедегі жылу мен әл-ауқатты арттырады, сонымен қатар денедегі желді басып, тәбетіңізді де ашады.
Жылқы етін ұнатпайтын жан жоқ. Дәмі тіл үйіретін қазы-қарта қазақтың ұлттық тағамы. Оның денсаулыққа тигізер пайдасы да көп. Мәселен, ол іріңді тоқтатып қана қоймай, бүйрек пен белді желден тазартады екен. Сонымен қатра жүрек-қан тамыр ауруларына, буын сүйектерінің сырқырауына, ішкі ағзаның дұрыс жұмыс жасауына тигізер әсері мол және ағза жасушаларын жаңартып отырады. Яғни ерте қартаюдың алдын алады.
Сиырдың еті тез қорытылмайды және майлы болып келеді. Алайда ол бүйрек, бел мен бастан ұстаған суықты шығаруға көмектеседі. Жалпы мал атаулының бәрі жасына қарай семіреді. Сондықтан жасы үлкейген сайын етінің майлылығы да арта түседі. Сиыр етінің майында қаныққан май қышқылдары басым. Майы тоңдап тұрады және ол ағзаға түскенде холестерин үлесінің артуына себеп болады. Сол себепті етінде гемоглобин, ақуыз, дәрумендер жылқы етіне қарағанда әлдеқайда аз.
Іш майдың да пайдасы бар. Ол буындардың сырқаты мен күйікті жазады. Сонымен қатар құлақ, бас, жатыр сырқаттарынан арылтады. Әлсіреген, шаршаған, қуаты мен қаны әлсіз қарттар мен балаларға іштерін тазартуға, желді шығаруға пайдалы. Сондықтан анда-санда ағза жағдайына қарай май жеп тұрған дұрыс. Сонда адамның ішкі қызуы артып, ағзасы тазарып, дене күші кемімей, сергек жүреді.
Сүрленген майдың да шипасы көп. Ол ақылынан адасқан, есінен танған адамдарға көмектеседі және жарақаттың жазылуына да жақсы әсер етеді. Ал шыжғырылған (күйдірілген) май ойды өткірлейді, зейінді арттырады. Денеге жылу мен күш-қуат береді. Сүйектің майы (жіліктің майы) желді қуып, адамды қуаттандырады. Ал тауықтың еті жарақат алған кезде пайдалы. Ағзаға жеңіл әрі ерте сауығып кетуге әсері бар. Ал балық – асқазан ауруларына ем. Көзге де пайдасы бар.
Естеріңізде болсын, жануарлардың ішінде аталықтарының кеуде жағының еті, ал аналықтарының бөксе жақ еті, буаздарының барлық еті ауыр болады. Ал керісінше, малдың ішінде аналықтардың, ал құстарда аталықтардың еті ағзаға жеңіл болады.