Етеккірдің кідіруі – оның күткен мерзімде келмеуі. Дені сау ересек әйелде етеккір, әдетте, әр 28 немесе әр 35 күн сайын келеді. Ал етеккірі енді басталған бойжеткен қыздарда ол ретсіз болуы әбден мүмкін. Егер етеккір ұзақ уақыт кідірсе немесе ретсіз келсе, бұл дәрігерге қаралуға себеп. Ендеше, етеккір кідіруінің жиі кездесетін себептерін ұсынамыз.
1. Жүктілік
Бұл ең жиі кездесетін себеп. Егер жыныстық қатынасқа түспеген болсаңыз, бұл себепті сызып тастай беріңіз. Ал басқа жағдайда тағы бірнеше (мысалы, 5-7 күн) күн күтіп, жүктілікке тест жасаңыз. Егер күте алмасаңыз, хорионды гонадотропинге (ХГЧ) қан тапсырыңыз.
2. Күйзеліс
Созылмалы күйзеліс гормонды фонға айтарлықтай әсерін тигізеді, сондықтан етеккір циклі ұзақ немесе қысқа болып кетуі мүмкін. Ал кей жағдайда етеккір, тіпті, тоқтап қалады.
3. Арықтау
Кейде әйел қатты арықтап кетсе, етеккір циклі өзгеріп кетеді. Калория жетіспесе, овуляцияға жауап беретін және етеккірді іске қосатын гормондардың өңделуі тоқтап қалады.
4. Артық салмақ қосу
Ағзаға жиналған майлы тін эстроген өңделуін арттырады. Бұл гормон етеккір циклін реттеуге қатысады. Эстрогеннің көп болуы етеккірді сирек етуі немесе тоқтатып тастауы мүмкін.
5. Көп жаттығу
Физикалық жүктемелердің шамадан тыс болуы да күйзелісті шақырады. Ал күйзеліс өз кезегінде етеккір циклін реттейтін гормондарға әсер етеді.
6. Бала көтертпейтін дәрі ішу
Бала көтертпейтін кей дәрілер етеккірдің тоқтап қалуына әкеледі. Мұндай кезде гинекологпен ақылдасыңыз.
7. Етеккір үзілісінің жақындауы
Етеккірдің үзілуі – әйелдер қартаюының табиғи бөлігі. Бұл гормонды өзгеріс. Мұндай кезде аналық бездер ұрық жасушасын өңдеуді тоқтатады, ал етеккір кідіреді, ретсіз келеді, содан соң мүлдем тоқтайды. Әдетте, етеккір 45 жастан бастап тоқтайды.
8. Поликистозды аналық без синдромы
Бұл жағдайда аналық безде жылауық (киста) түзіледі, ал ағзада андроген гормонының деңгейі артады. Нәтижесінде, етеккір ретсіз келуі мүмкін.
9. Эндокринді жүйе аурулары
Диабет немесе қалқанша без жұмысының бұзылуы да етеккір циклінің өзгеруіне әкелуі мүмкін.