«Ет жеп жатқанда қазақ пен қасқырды мазаламаңыз» деп әзілдеп жатамыз. Шынында да еттен жасалған тағам болса болды, бәрін адал ас деп тұтына беретініміз бар. Ет боршалау да үлкен өнер болған. Ауыл тұрмысына қанық үлкен кісілер мал сойғанда оның дене мүшесінің қай жерін жеуге болмайтынын, қай жерінде улы бездер болатынын жақсы білетін. Ішек-қарын аршудың таза да тиімді әдістерін пайдаланатын. Ал қазіргі қала тұрмысында сіз көшеден сатып алып жатқан етіңіз жоғарыда айтылған улы бездерден, ластықтан арылды деп ойлайсыз ба? Тіпті балық болсын, құс еттері болсын, көзсіз тұтына беретініміз де рас. Ендеше, абай болғаныңыз жөн. Ет тағамдарының ішінде де жеуге болмайтын кейбір бөліктері болады.
1. Балық етін тұтынғанда, оның «қара киімін» жеуге болмайды. Балықтың құрсақ бөлімінде бір қабат қара түсті перде болады. Адамның соқырішегі секілді азықтығындағы лас заттарды жинайтын жер болғандықтан, оның денесінен шығатын жағымсыз иіс те осы арадан таралады. Бұл жерде май ең көп жиналған. Бактерияның ең көп бөлігі де осы жерде. Сондықтан балық тазалағанда оның «қара киімін» абайлап, сылып алып тастаңыз.
2. Құс еттерін тұтынғанда, құйрық бөлімі мен бас бөлімін алып тастаған жөн. Оның құйрық бөлімі мен басында без көп жиналатындықтан, адамды әртүрлі қатерлі ісікке душар етеді.
3. Сол секілді қой немесе сиыр етін тұтынғанда да абай болыңыз. Олардың мойын етінде без көп жиналады. Бұларды ұқыптылықпен сылып тастаған соң ғана қазанға салғаныңыз жөн.
4. Тауық, үйрек секілді құстардың мойын терісін мүлде жеуге болмайды. Құстардың мойын терісіне холестерин көп жиналатындықтан, адам денесіне зияны көп.
5. Қой немесе сиыр малының сирағындағы бездерді әбден тазалаған соң ғана барып тұтыныңыз. Бұл арада да без және басқа да ісік көп болады. Бас-сирақты әбден бабында үйітіп, тазалап барып қазанға салатынымыз сондықтан.
6. Ал мал сойғанда олардың жыныс мүшелерін көбінде дәрілік тағам ретінде тұтынатындар бар. Ең жақсысы жақсылап тазалауды білмесеңіз, тұтынбағаныңыз жөн. Ал тұтыну керек болғанда, ондағы барлық бездер мен жұқа тері перделерін сылып тастап тұтыну керек.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: vk.com, facebook.com