Ертеде банан жемісін «Ертегі әлемінің жемісі» деп атаған екен. Себебі, дәм татсаң, қарның тояды әрі денсаулыққа пайдалы. Сонымен қатар, шайқас-ұрыстарда сарбаздар жарақатына банан қабығын басып, жара-тыртықтарын емдеген. Ертеде Италияда әнші-әртістер тамақтары ауырмас үшін банан қабығын қайнатып, ішкен екен. Үндістанда банан қасиетті тағамдардың бірі болып есептелінеді, құтты қонақтардың алдына қойылған. Еуропа елдерінің мектептерінде оқушыларға таңертеңгі және түскі ас кезінде банан береді. Себебі, банан баланың ойлау қабілетіне жақсы әсер етеді. Кубада бананды етпен бірге пісіреді. Ал Венесуэлода бананды қуырып, күрішпен бірге араластырады.
Банан Үндістан, Эквадор және т.б. әлемнің бірқатар оңтүстік елдерінде көптеп өсіріледі. Бұл жемістің бірнеше сорттары бар. Біздің елде кең тарағандары – Кавендиш, Гро Мишель, Лакатан. Бұл сорттар ағаштан піспеген, жасыл күйінде теріліп, бірден қораптарға жинастырылдады. Жеміс ұзақ жол барысында өзі пісіп жетіледі.
Табиғи үш қанттан бөлек банан құрамында алма қышқылы, ферменттер, минералды заттар, фосфор, магний, калий, кальций, натрий, А, В, С, РР, Е дәрумендері бар. Банан диеталық тағам болып есептеледі. Жүйке жүйесі, анемия, жүрек қан тамырлары, бауыр, бүйрек, өт ауруларының алдын алып, артық салмақтан арылуға жол береді.
Банан ағзадағы қан мөлшерінің бір қалыпты болуы мен қан қысымының өзгермеуіне ықпал етеді. Сүйек, тырнақ, шаш өсіміне оң әсерін тигізеді. Аяқ-қолдың мезгілсіз тартылуын, шаш түсуін, теріге ерте әжім түспеуін қадағалайды. Ағзадағы зиянды қалдықтарды сыртқа шығарады, өт, бауыр, асқазан жолдарын тазартады. Күйзеліс, көңілсіздік, стресс кезінде көмекке келеді. Көңіл-күй гормонының пайда болуына септігін тигізеді.
Бананды көп мөлшерде аяғы ауыр және жас сәбиі бар келіншектер, қарт кісілер, кішкентай бөбектер жегені жөн. Кез келген жанның күнделікті ас мәзірінде бір-екі тал банан болғаны абзал. Банан операциядан кейін, ауыр физикалық жаттығулардан кейін өте пайдалы. Ол ағзаны қалыпқа келтіруге мол үлесін қосады. Сонымен қатар, бананды шаршаған я ашуланған кезде, емтихан-сынақ алдында пайдаланған дұрыс.
Банан таңдаған кезде оның сыртқы қабығы мен сабағына мән беріңіз. Сыртқы қабықта қара дақтар жоқ әрі өзі қатты болмауы керек. Оның түсі бір қалыпты, үсті жылтырауы керек.