- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ерте ояна алмай...
Ерте ояна алмай жүрсеңіз...
Күнде кешке ұйқыға ертерек жатып, таң атпастан тұрып, істерімді ерте аяқтап тастаймын деп ниеттенесіз бе? Алайда жұмыс, достар мен үй шаруаларының кесірінен ұйқыға тағы да жарым түн ауғаннан кейін ғана жатып жүрсіз. Бұлай жалғасуға болмайды! Мына ережелерді сақтап, ерте оянып үйреніңіз.
1. Күнделікті оятар қоңырауды бір уақытқа қойыңыз. Біздің ағзамыз күнде қайталанатын нәрселерге үйренгіш болып келеді, сондықтан әр күн сайын бір уақытта ояну өзіңізге де жеңілірек болады. Таңмен оянып үйренбеген жандарға басында қиын болары анық, алайда осы кеңесті тыңдап, тіпті демалыста да сол уақытта оянсаңыз, өзіңізді тәрбиелеп алуға аз-ақ уақыт кетеді. Көп ұзамай ішкі сағатыңыз бұндай күн тәртібіне үйреніп, қоңыраудың көмегінсіз-ақ оянуыңыз таң қаларлық болмайды.
2. Қоңырауды "кейінге қалдыру" батырмасын басып, 10 минутқа кешірек қоюды әдетке айналдырмаңыз. Қоңырау соқты ма - тұрыңыз. Тағы да 10 минут ұйықтай тұрайыншы деп, сіз еш дем ала алмайсыз. Ояну қиын ба? Оятарды бөлменің басқа жағына қойыңыз. Оған барамын дегенше, ұйқыңыз да ашылып қалар.
3. Ерте тұруым керек деген ниет керек. Ерте оянуға шын себептеріңіз болса, миыңыз тағы да 10 минут деп ойламай, бірден-ақ оянып кете алады. Сондықтан таңертең не үшін, қайда барамын, не істеймін деген сұрақтарды кешке ойлап, ерте тұруға алдын ала ниеттеніңіз.
4. Сонымен қатар, ұйықтар алдында оянуыңыз керек уақытты қайта-қайта қайталап, әбден миыңызға тоқып алыңыз. Мидың сиқыры сондай, біздің сана-сезімімізге осылайша ықпал жасаса болады.
5. Шаршадым-ау дегенде бірден ұйқыға барыңыз. Егер тым ерте ұйықтағыңыз келсе, бұның дұрыс емес ештеңесі де жоқ. Көп жағдайда біз ағзамызға дем алуға керек уақыттан көбірек ұйықтай береміз. Себебі ағзамыздың ұйқысы келген-келмегенін елемейміз. Ал егер осындай шаршаған кездерде жатсаңыз, бірден ұйқыға батып, тәтті түстер әлеміне кіресіз, сондай-ақ азанмен ерте дем алып тұрасыз.
6. Таңертеңгілік жаттығуларды жасаңыз. Осының арқасында қан айналымы дұрысталып, ұйқыңыз ашылып, төсекке еш қайтқыңыз келмей қалады. Әрине бұған қоса, қабылданған суық душ тіптен керемет болар еді, алайда бұған әркімнің уақыты жете бермейді.
7. Айлакер болыңыз. Көпшіліктің ойлауынша, жаздыгүні ояну әлдеқайда оңай. Таң ерте атып, күн де ыстық болып тұрады. Ендеше осындай жаз күнін кез келген маусымда ұйымдастырса болады. Оянған бойда, шамды қосыңыз.
Әрине, басында таң атпастан ояну қиын болады. Бірақ "Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық" деген қазақ ерте тұрғаннан алар пайдамыз мол екенін білген.
Сурет: dailymail.co.uk
С. А