Еріндегі ұшық - қашанда жайсыз ауру. Ұшықтың басқа "герпес" атауы грек тілінен шығып, "бөртпе" дегенді білдіреді.
Ұшық ерін бетінде шығатын жара не безеу емес. Ол адамның инфекция не тұмау жұқтыруы нәтижесі. Герпес вирусы адам ағзасында өте ұзаққа сақталуы мүмкін, кейбіреулерге одан толықтай арылу үшін жылдар керек. Бұл жерде маңызды фактор - иммунитет. Ұшық адамның иммунитеті әлсіз кезде пайда болады. Ол ауырып, қышып, жайсыздық сезімін береді.
Ұшық - жұқпалы инфекция. Сол себепті дәрігерлер ұшығы пайда болған адамға абай болуға кеңес береді. Бір ыдысты, орамалды қолдануға, құшақтасуға, сүйісуге болмайды.
Ұшық бір апта шамасында жазылуы тиіс. Заманауи медицина ұсынатын дәрілер мен гельдер ұшықты тез арада кетіре алады, алайда оның инфекциясы ағзада қалып қояды. Герпес вирусы жиі жағдайда толықтай кетпейді, сондықтан онымен бір рет ауырғандар ұзақ жылдар одан зардап шегуі мүмкін.
Сонымен, ұшықтан қалай емделуге болады?
Бірінші қолға алу керек нәрсе - иммунитетті жоғарылату. Дәрумендер мен минералдарға бай, пайдалы тамақ ішіңіз, дәрумендер жиынын қабылдаңыз. Ағзадан улы заттарды шығарудың бірден-бір амалы - спортпен шұғылдану.
Ұшықтың өзіне түймедағы қайнатпасына батырылған мақтаны қойып емдесе болады. Сондай-ақ жалбыз, женьшень, қырмызы қайнатпаларын ішу керек.
Ұшықтын өзіне тіс пастасын жағу не пиязбен сүртіп тұру керек деген көзқарастар бар. Алайда олардың әсерлігі медицинамен дәлелденбеген, сондықтан дәріханадан арнайы ұшық емдейтін дәрілер алған жөн.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com