Қоғамымызда әйел адам күйеуге шықса, ол көп ұзамай, бала көтеру керек деген стереотип бары рас. Күйеуге шыққан әйелді көрген кезде көпшіліктің бірінші қоятын сұрағы – "жаңалығың бар ма?". Мұндай қысым ерлі-зайыптыларға психологиялық тұрғыда әсер беретіні де өтірік емес. Десе де, бала сүюді армандап жүрген қаншама ерлі-зайыптылар бар. Бала көтере алмаудың себептері қандай және қай уақыттан бастап дәрігерге қаралу керек? Маңызды сұрақтардың жауабын алу үшін Massaget.kz тілшісі репродуктолог дәрігер Әйгерім Темірханқызымен сұхбаттасты.
Жалпы әйел адам бала көтере алмай жүрсе, ерлі-зайыптылар қанша уақыттан кейін қаралуды бастау керек?
"Егер әйел адам көтере алмай жүрсе, біз әдетте бір жыл күтуді ұсынамыз. Өйткені ай сайын жақсы ұрықтануға келетін аналық жасуша шығады деген кепілдік жоқ. Сондықтан 12 ай ішінде кем дегенде 1 рет сондай бір дені сау жақсы аналық жасуша овуляция кезінде шығуы керек деп қараймыз. Сол шыққан жағдайда жақсы эмбрион пайда болып, әйел адам көтеріп кетуі мүмкін. Сондықтан біздер 12 ай мерзім күтеміз.
Бірақ бұл жерде ескеріп кететін жайт, әйел адамның жасы. Әйел адамның жасы 35-тен жоғары болса, онда бұл күту мерзімі 6 айға азаяды. Өйткені, жас ұлғая келе аналық жасушаның сапасы төмендейді.
Сондай-ақ ескеретін тағы бір мәселе - аналық безінің қоры. Егер аналық безінің қоры төмендеген босла, онда 3 ай ішінде табиғи жолмен көтере алмаған жағдайда міндетті түрде репродуктолог маманның көмегіне жүгіну қажет. Өйткені қазір әйелдерге климакс ерте келеді, яғни етеккір ерте тоқтап қалады. Сол қазіргі жас қыздардың дерті. 25-30 жаста аналық безінде жасушалар жоқ болып қалуы мүмкін. Сондықтан сол жағдайдың алдын алу үшін егер аналық безінің қоры төмен және 3 ай өздігінен көтермеген болса, репродуктологқа қаралу міндетті. Ал аналық безінің қорын антимюллер деген гормонға анализ тапсыру арқылы білуге болады", - дейді репродуктолог дәрігер.
Ғаламтордан егер ерлі-зайыптылардың қаны бір-біріне сәйкес келмесе, ол бедеулікке әкеледі дегенді жиі кездестіруге болады. Бұл рас па?
"Қанның сәйкес келмеуі бедеулікке әкеліп соқпайды. Мұндай дерт мүлдем жоқ. Ол дәлелденген", - деді Әйгерім Темірханқызы.
Бала көтере алмаудың негізгі себептері қандай?
"Қазіргі таңда ең жиі кездесетін себептердің бірі - жатыр түкшелерінің бітеулігі. Келесі фактор - жатыр қуысының түрлі ақаулықтары. Ол жатырлық фактор деп аталады. Ол полип, гиперплазия, қабыну процесі немесе жатыр қуысының синехиялары болуы мүмкін. Келесі себептің бірі - овуляцияның болмауы. Әртүрлі эндокринді факторларға байланысты овуляция болмайды.
Қазір белгісіз себептен болатын бедеулік те кездесеіп жатады. Әйелде де, ер адамда да бәрі жақсы. Бірақ белгісіз себептерден көтере алмайды. Біздің клиникада сол 10 пайызы белгісіз себеп болғандықтан, ЭКО бағдарламасын жасатып жатады. Келесі фактор - ер адамның бедеулігі", - деді маман.
Ер адам анализ тапсыруы керек па? Неліктен көп жағдайда ер адамдар қаралғысы келмейді?
"Ер адамның қаралғысы келмеуі қазақ менталитетіне байланысты деп ойлаймын. Қорқыныш сезімі бар болар. "Меннен болып қалса не істеймін", "Анализім нашар болып шықса, қайтемін" деген сияқты қорқыныш сезімнен ер азаматтар қаралғысы келмеуі мүмкін. Ол психологиялық фактор деп ойлаймын.
Әйел адам қаралып бастаған кезде ер адам міндетті түрде бірге тексерілуі керек. Мысалы, көп жағдайда әйел толық зерттеудің барлығын өтіп, барлығын қарап болғаннан кейін ғана ер азамат келеді. Олай болмауы керек. Екеуі бәрін бірге бастауы керек. Ерлерге арналған анализ спермограмма деп аталады. Оны 6 айда бір-ақ рет тапсырса жеткілікті. Егер ол жерде барлығы жақсы болса, ары қарай әйел адамның зерттеуін жүргізе береміз. Қазіргі таңда әйел адам мен ер адамның бедеулігі қатар жүреді.", - деп қорытындылады Әйгерім Темірханқызы.
Көпшілік адам баласы жоқтарға жағымсыз нәрселерді әдейі айтпайды. Бірақ сіздің кей сөздеріңіз олардың көңіліне тиюі мүмкін. Баласы жоқ адамдарға мына сөздерді айтпаңыз.