Бүгін Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы «Otsuka» компаниясымен бірге «FighTBack» («Туберкулезбен күрес!») жобасын ұсынды. Екіжақты әріптестік негізінде «FighTBack» деп аталатын жаңа журнал жарыққа шықты. Халықаралық деңгейдегі бұл басылымда туберкулез тақырыбы ашық жазылып, осы дертпен тікелей күресіп жүрген жандардың жүрекжарды пікірлері, ойлары берілген.
Жиын кезінде журналдың тұсаукесері өтіп, оның мазмұны таныстырылды. Бұл басылымда медициналық бағыттан бөлек, науқастардың жан-айқайы, дәрігерлердің, өзге де қызметкерлердің пікірі қамтылыпты. Оған қоса, бұл жерден қарақұрт ауруымен еңсесін түсірмей, талмай күресіп келе жатқан жандардың күрес жолы, жетістігі, қайғы-мұңы еш боямасыз берілген.
Конференция барысында Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Тілеухан Шілдебайұлы еліміздегі жағдайға да тоқтала кетті. «Биыл науқастану көрсеткіштері 9,5%-ға төмендеген. Ал өлім көрсеткіштері 16,1%-ға дейін қысқарған. Туберкулезді анықтау мәселелері де толығымен шешілді. Қазақстанның осындай туберкулезбен белсенді күресін байқап отырған шетелдік компания журнал шығару туралы ұсыныс жасады. Қазақстандағы жұмыстарды өзге шетелдерге жеткізу мақсатында шығарылды», - дейді Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры.
«Otsuka» компаниясының медициналық жобалар бойынша менеджері Марк Дестито Туберкулез проблемалары ұлттық орталығын, қызметкерлеріне алғыс айтып: «Сіздер біздің идеямызға қолдау білдіріп, ынтымақтастық қарым-қатынаста жұмыс істедік. Қазір журнал 30 мыңнан аса тарылыммен шықты. Бұл журнал медициналық университеттерде, емделу орталықтарында, түрлі ұйымда таралатын болады. Біздің компания қырық жылдан аса туберкулезбен күресіп келеді. Сондықтан бірігудің біз үшін маңызы зор. Бұл журнал сіздердің қоғам үшін пайдалы болады деген үміттеміз», - деп сөзін аяқтады.
Конференция спикерлері журналистер сұрағына жауап берді. Сонымен қатар, БАҚ қызметкерлері бұрын туберкулезбен ауырып, қазір толық айыққан адаммен тікелей сұхбат құрды. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, 50 жастағы Орынбасар Мейрамұлы бірнеше жыл бұрын қарақұрт аурына шалдыққан. Қазір толығымен айыққан. Ол журналистерге басынан өткен қиындықтар мен кедергілер туралы ашық әңгімелеп берді.
- 2007 жылдың аяғында туберкулездың ашық түріне шалдықтым. Бастапқыда сене алмадым. Бірақ маған туберкулезбен ауырасың деп диагноз қойды. Әрине, қорықтым. Күресу керек болды. Бірақ дәрігер-фтизиатрлардың көмегімен осы ауруды жеңіп шықтым. Қазір ел қатарлы жұмысымды істеп жүрмін, - дейді ол.
Жиын соңы кофе-брейкпен жалғасты. Мұндай әріптестік алдағы уақытта дәстүрге айналмақ.
Елімізде туберкулезбен күрес үздіксіз әрі мақсатты түрде жүргізіліп келеді. Туберкулезге қарсы күрестің нәтижесінде соңғы он жылда бұл дертке шалдығушылар саны азайды. Мәселен, туберкулезге шалдығу 54,9%-ға, ал өлім-жітім көрсеткіші 77,4%-ға төмендеді. 2014 жылдың жылдық қорытынды көрсеткіштерден де жақсы нәтижені байқауға болады. 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда туберкулезге шалдығу деңгейі 9,5%-ге, өлім-жітім 16,1%-ге азайды. Яғни, 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 5,6-дан 4,7-ге түсті.