Электронды темекі дегеніміз ішіне сұйық ерітінді құйылған, ауыстылылатын картриджі бар және никотин жеткізетін электрондық жүйеге (НЖЭЖ) жататын құрал болып табылады. Оның буында адам денсаулығына зиянды химиялық заттар бар. Олар: формальдегид, ацетальдегид, карбол қосындысы, ауыр металлдар (қалайы, мыс, хром, никель және т.б.). Электронды темекі не үшін қауіпті? 1. Электронды шылымның құрамындағы никотин тез сіңіп, 8 секундтың ішінде миға тарайды; 2. Никотин қантамырлардың тарылуына ықпал ететіндіктен барлық ағзаларды қанмен қамтамасыз ету нашарлап, бірінші кезекте жүрек-қантамыр ауруларының (инсульт, инфаркт) дамуына әкеліп соғады; 3. Жүкті әйелдің ағзасындағы никотин түсік тастау мен ерте босану қаупін арттырып, ұрыққа ауа жетіспеуіне әкеп соғады; 4. Никотин жасушалардың өзгеруін тудырады және келесі ұрпақтарда бұл өзгерістер көбейе береді; 5. Электронды темекінің құрамындағы химиялық заттар қауіпті ісік ауруына шалдықтыруы мүмкін; 6. Электронды темекінің түтінінде улы заттар болғандықтан, адамдарға әсіресе балаларға қауіпті; 7. Электронды темекіні шеккендегі психологиялық тәуелділіктің даму қаупі басқа темекі өнімдерін тұтынғанмен бірдей.