«Заманына қарай адамы». Қағаз кітаптан электронды кітапқа ауыстық. Айналамыздағы қолға ұстап, пайдалануға болатын заттың барлығын электронды түрге алмастырып жатырмыз. Тіпті, шылымның өзі электронды түрге алмасты.
Алғашқы электронды шылым пайда болғанда оның бір ғана зияны барын ғалымдар айтқан болатын: парогенераторға арналған сұйықтықта никотиннің болуы тәуелділікке алып келеді. Бірақ, оның зияны сіз ойлағаннан әлдеқайда көбірек.
«Journal of the American Heart Association» журналында жарияланған зерттеу жұмысының нәтижесіне сүйенсек, никотин жүрек ауруларын қоздырушы болып шықты.
«Адамдардың санасында қалыптасқан түсінік бойынша, никотиннің әсерінен темекіге тәуелділік туады. Ал, өлімге себепші болатын түтіннің өкпеде жиналуы», — дейді Калифорния Университетінің кардиологы, зерттеу жұмысының авторы Холли Мидлкауфф (Holly Middlekauff).
Электронды шылымның қауіпсіздігі сөз болғанда ғалымдар әлі күнге дейін бір шешімге келе алмай отыр. Өткен жылы британдық Патшалық колледжінің дәрігерлері шылым шегетіндеге парогенераторларға өтуді ұсынған болатын. Сол уақытта АҚШ ауруларды бақылау орталығы бұл әдіс шылымды тастауға ешқандай кепілдік бермейтінін айтып, бас тартқан еді.
Бірақ, жыл сайын парогенераторлардың зиянын дәлелдейтін зерттеу жұмыстарының саны артып келеді.
• 2015 жылы вапорайзерлер иммундық жүйеге әсер ететіні анықталды.
• Өткен жылы электронды шылым 31 химиялық затты өндіре алатыны анықталып, кейбіреуі рак туғызатыны белгілі болды.
Мидлкауфф өткен жылғы өзінің зерттеу жұмысы арқылы мынандай қорытындыға келді: электронды шылымды күнделікті қолданушыларда жүрек ауруының қауіпін арттыратын биомаркерлер пайда болады. Бұл биомаркерлер жүректегі адреналин көрсеткішін арттырады, ол жүрек қозғалысына әсер етіп, инфарктқа әкеледі.
Дегенмен, дәл қай қоспа жүрекке әсер ететінін аңғару мүмкін емес еді. Себебі, парогенераторлардағы сұйықтықтың құрамында ароматизатор мен түрлі ерітінділер бар болатын. Биомаркерлердің қайдан пайда болатынан анықтау үшін, Мидлкауфф шылым шекпейтін 33 сау адамды шақырады. Олар бір ай бойы, күніне 30 минут электронды шылымды пайдаланды. Бір күні сұйықтықта никотин болса, бір күні никотинсіз, ал, тіпті бір күні артық қоспасыз жасақталған шылымды қолданады.
Кейін олардың қанына сараптама жүргізіп, қатысушылардың жүрек соғысын өлшеді. Нәтижесінде жүректегі адреналин тек никотин қосылған электронды шылымды қолданған сәтте ғана артқаны белгілі болды.
Егер кәдімгі шылымды тоқтату үшін электронды шылымды пайдалансаңыз, онда оның пайдасы болуы мүмкін. Себебі, оның құрамында канцерогендер кәдімгі шылымға қарағанда әлдеқайда аз. Бірақ, шылым шекпейтін адамдарға кардиолог мамандар электронды шылымды қолданбаған дұрыс деп кеңес береді.