Адамның иммунитеті – ағзаға түскен, зиянды ауру қоздырғыштарды тауып, оны жоятын биологиялық бейімделген жүйе. Иммунды жүйе ауру тасушы микроағзалармен күресу үшін қан жасушасы – лейкоцидтерді пайдаланады.
Лейкоцидтердің бірнеше түрі бар: моноцит, лимфоцит және нейтрофил. Ағзаға алғаш қоздырғыш бактерия мен вирус түскенде бірінші болып көмекке келетін де – нейтрофил. Егер лейкоцид ағзаға түскен ауру қоздырғыштың вирус не бактерия сынды ауыр патогендер екенін білсе, оған қарсы шабуылға көшіп, ақуыз-антителаларды пайдалана бастайды. Адам ағзасы ауруды жеңгеннен кейін иммунологиялық жадында сондай дерт қоздырушы вирустарға қарсы тұра алатын антитела қалыптасады. Адамның қандай аурумен ауырғанын, жазылғанын қанындағы осы антителаларға қарап анықтауға болады.
Енді екпе (вакцина) дегеніміз не? Екпе дегеніміз – ауру қоздырғыш патогендердің әлсіреген, әлжуаз күйге түскен, биоинженерия арқылы қолдан жасалған түрі. Оның құрамында вирустың негізгі ақуыздары болады. Оны ағзаға еккен кезде, иммунды жүйе іске қосылып, онымен «зиянкеспен» күрес басталады. Шамамен, 1-2 аптаның ішінде адам ағзасында бұл ауруға қарсы қарсы антитела түзіледі. Содан адам албаты ауырмайтын, вирусқа шалдықпайтын болады.
Былайша айтқанда, екпе – бұл вирус, бірақ әлсіреген, жанынан айырылған, жуас вирус. Одан адам ауырмайды, ыстығы көтеріліп, әлсіздік болуы мүмкін. Бірақ одан арыға бармайды.
Екпенің пайдалы, плюс жағы бәріне белгілі:
- Адамның түрлі ауруларға қарсы иммунитеті күшейеді;
- Адамды қауіпті аурулардан қорғайды;
- Егер ағзаға қауіпті вирус түссе, оған шалдыққан адамның симптомдары әлсіз жүреді не аз ауырады;
- Вакцина дәрі-дәрмекке қарағанда жеңіл, арзан әрі табиғи. Дәрі сияқты улы емес;
- Екпе жасалған ағзада асқыну болмайды;
- Екпе егілген қауымда инфекция тарамайды, эпидемия болмайды.
Зиянды жағы
Екпе жасатудан бас тартатындардың айтатын екі себебі бар: бірі – екпе еш көмектеспейді десе, екіншісі – екпеден кейін адамның жағдайы нашарлап кетеді деп уәж айтатындар.
Дәрігерлер «екпе адамға көмектеспейді» дегендермен мүлдем келіспейді. Өйткені қызылша, полиомиелит, туберкулез, тұмау, шешек сынды адамзатты жалмаған аурулардан адам екпе арқылы құтылғаны анық. Мәселен, шешектен қырылған халықтың көп болғаны тарихтан белгілі. Шешектен емделді дегеннің өзінде көзінен айырылып, денесінде тыртық қалып қалғандар көп болған.
Екпенің арқасында бұл аурудың тамырына балта шабылды. Шешектің соңғы шыққан кезі 1977 жыл. Сомали елінің Марка қаласында болған.
Тағы бір айта кететіні, екпеден бас тартқандар арасында инфекция тарап, эпидемия басталуы мүмкін. Мәселен, 1974 жылы Ұлыбританияда көкжөтелге қарсы екпе жасататындардың көрсеткіші 81 пайыздан 31 пайызға төмендеп кетуінен, елде эпидемия тарады. Бірнеше бала қайтыс болды.
Бұрынғы Кеңес одағы елдерінде 1990-1999 жылдары дифтерия эпидемиясы тарағаны белгілі. 150 мың адам ауырып, 5 мың адам қайтыс болды. Бұл кездері кеңес елдерінде денсаулық сақтау саласы құлдырап, халықтың басым бөлігіне екпе жасалмай қалған еді. Ауру соның кесірінен тарап кетті.
Ал Нидерландыда вакцина жасауға қарсы болған дәстүрлі дін өкілдерінің арасында 1999-2000 жылдары қызыша тарап, 3 мыңға жуық адам ауруға шалдықты. Нигерияда да дінбасылардың бір тобы вакцинаға қарсы болып, полиомиелиттен 2005 жылы 600 бала қайтыс болды.
Қазіргі уақытта әлем елдерінде гепатит В, туберкулез, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, тұмау, паротит, пневмокок инфекциясына қарсы екпе жасалады.