- Негізгі бет
- Денсаулық
- Егер зәрге шыбындар...
Егер зәрге шыбындар жиналса, бұл диабет: ертеде дәрігерлер диагнозды қалай қойған?
Қазір кез келген клиникадан анализ тапсыруға және ағзаның жағдайына нақты диагностика алуға болады. Бірақ біздің ата-бабаларымызда мұндай өркениет болмады. Ол кезде диагноз қалай қойылды? Бұл сұраққа Doctorpiter порталына иммунолог және патофизиолог Елена Парецкая жауап берді.
Медицина қашан пайда болғанын нақты айту мүмкін емес. Оның бастапқы кезеңі алғашқы адамдармен бірге туындады. Бірақ қазіргі заманмен салыстырғанда ежелгі грек, рим өркениеті, орта ғасырлардағы, тіпті XVIII-XIX ғасырлардағы диагностикалық әдістер күлкілі, ал кейбіреулері қорқынышты.
Өткенді еске алу
"Баяғыда дәрісіз-ақ емдеді ғой" деп дәстүрлі медицинаны еске түсіргенді жақсы көретін адамдарға айтқым келеді: ежелгі адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 25 жыл, ал ортағасырлық адамдар - шамамен 40 жыл, ХІХ ғасырға таман 50 жыл болды. Балалар өлімі 30-35 пайызға дейін жетті және одан да көп болды, көптеген әйелдер босану кезінде қайтыс болатын. Қазір антибиотиктермен тиімді емделетін немесе екпемен алдын алатын аурулармен ол заманда өмір сүруі өте қиын болды.
Бірақ сол кездің өзінде медицина дамыды, әртүрлі аурулармен күресудің жаңа әдістері пайда болды: шөптер, тұнбалар, ұнтақтар, сынап, күшән, дуалау, қан алу және т.б. Дегенмен, адамды "емдеуді" бастау үшін алдымен оған не болғанын түсіну керек. Бірақ ол кезде зертханалар мен сынақтар, рентген мен МРТ болған жоқ. Десе де, тәжірибелі дәрігерлер ауыр патологияларды анықтай білді.
Иіскеп және дәмін татып көрді
Медицинада Гиппократты соншалықты құрметтеп, тіпті дәрігерлік антты да оның атымен атауы бекер емес. Бұл ежелгі грек дәрігері әртүрлі ауруларға диагностика жасау мәселелерін бірінші болып ойластырған. Қолында рентген және УДЗ болмағандықтан, ол науқас адамның физиологиялық бөлінісіндегі өзгерістерге диагностика жасап, құжаттаған.
Гиппократ зәрдің, қанның түсіне, нәжіс пен қақырықтың өзгеруіне, іріңнің түріне сәйкес нормалар мен патологияларды зерттеуге көп уақыт бөлді. Сол кезде мұқият зерттеп, иіскеп, тіпті дәмін татқан. Заман қатал болды, сондықтан мұндай төтенше шараларға баруға тура келді.
Мына жерің ауыра ма?
Ауру адамнан алуға болатынын нәрселерді зерттеумен қатар, дәрігер науқастың өзін де мұқият зерттеді. Ең алдымен, бүкіл денені немесе тек күдікті аймақты ұстап көру керек болды. Оны қазір дәрігерлер пальпация деп атайды. Шыңғырған дауыстан оның қай жері ауыратынын түсінуге болатын. Сонымен қатар, перкуссиялық әдіс қолданылды: дәрігер дененің әртүрлі бөліктерін саусақ ұшымен тықылдатып, дыбыстарды салыстырады. Мұны заманауи дәрігерлер де пайдаланады, әсіресе кеуде қуысы мен ішті тексерген кезде.
Гиппократ денеден шыққан дыбыстарды тыңдау әдісі - аускультацияны да жетілдірді. Бастапқыда дәрігер құлақпен тыңдайтын, ал бүгінгі күні бұл мақсат үшін арнайы құрылғы - фонендоскоп қолданылады, ол дыбыстарды әлдеқайда жақсы өткізеді.
Үндістан мен Қытай - иіс және тамыр соғысы бойынша зерттеу
Ежелгі Үндістан мен Қытай медицинасындағы тәсілдер өзгешелеу болды, бірақ зерттеулер жоғарыдағы секілді бақылаулар мен сезімдерге, дәрігердің бағалауына негізделген. Мысалы, Аюрведада, медициналық трактатта зәрдің түсі мен иісі, қан күйі және басқа да секрециялардың өзгеруі туралы кең сипаттама болды. Олардың бағалауына сүйене отырып, дәрігер қалпына келтіруге қатысты болжамдар айтты. Әсіресе, қант диабетіне диагноз таңғарарлық әдіспен қойылды: егер зәрге шыбындар жиналса, қанттың жоғарылауы туралы қорытынды жасалды.
Ежелгі қытай дәрігерлері инемен емдеумен айналысатын дәрігерлердің жиынтық жұмысы Ней Цинді басшылыққа алды. Ол дәрігерлердің қазір де қолданатын әдістерін сипаттайды. Мысалы, науқасқа сұрақ қою, оны қазір анамнез алу деп атайды. Сондай-ақ оған тамыр соғысын тексеру, проблемалық аймақтарды анықтау және дауысты бағалау үшін бүкіл денені егжей-тегжейлі тексеру жатады.
Әрі қарай даму
XI ғасырда өмір сүрген Авиценна медицинаның дамуына үлкен үлес қосты. Ол сол кездегі белгілі ауруларды жүйелеуге тырысып, үлкен ғылыми еңбек жазды. Ол әртүрлі диагностикалық әдістерді, соның ішінде тамыр соғысын зерттеуді қолданды.
Орта ғасырлар қасиетті инквизицияға байланысты медицинаның дамуын айтарлықтай баяулатты. Науқастарға "құдайдың қалауымен" деген үкім шығарылып, олар мұнымен басқа әлемге кетіп қалды. XVI-XVII ғасырлардан бастап хирургия мен жалпы медицинаның біртіндеп дамуы басталды.
А. Жапатова