Дюпюитрен контрактурасы (Алақанның фасциалды фиброматозы) — қол буындарының ауруы. Бұл ауруға шалдыққан жағдайда қол саусақтары ішінара немесе толықтай қимылын тоқтатады.
Дюпюитрен контрактурасы кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Алайда 45 жастан кейін бұл ауруға шалдығу қаупі едәуір арта түседі. Бұл дерт әйелдерге қарағанда ер адамдарда жиі кездеседі екен. Аурудың ағымы өте баяу, ұзақ жылдар бойы байқалмауы да мүмкін.
Алақанда көзге әзер түсетін қатты түйіндер бірте-бірте үлкен тыртыққа айналады.
"Дюпюитрен контрактурасы кезінде қандай операциялар жасалады?" деген сауалға А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының микрохирург дәрігері Мухамедкерим Қанат Базарбекұлы жауап берді:
- Дюпюитрен контрактурасы жағдайында орындалатын операциялық араласулардың көптеген түрі бар. Оның ішінде мынадай операция түрлерін атап өтейік:
Инелі апонеротомия
Операциялық емдеудің жылдам әрі азинвазивті әдісі. Микротілік арқылы иненің көмегімен негізгі түйін пайда болған жерге көптеген ұсақ тесіктер жасалады. Мұның нәтижесінде түйін жарылады.
Операцияның мақсаты — саусақтың бүккіш контрактурасын жою, дегенмен түйіндер орнында қалады. АЛАЙДА бұл әдістің тиімділігі аз, аурудың қайталау мүмкіндігі аса жоғары. Оны тым асқынған жағдайларда, түбегейлі операция кезінде саусақты жазу мүмкін болмаған кезде ғана жүзеге асырған дұрыс.
Субтоталды апоневрэктомия
Дюпюитрен контрактурасын хирургиялық емдеудің ең ұтымды әдістерінің бірі.
Операцияның мәні — зақымдалған апоневроз бөлігін толық кесіп тастау. Мұндай операциялар күрделі хирургиялық араласулардың қатарына жатқызылады. Сондықтан субтоталды апоневрэктомияны мамандандырылған орталықтардың хирургтары микрохирургиялық техниканы пайдалану арқылы ғана жасауы қажет.