- Негізгі бет
- Денсаулық
- Душқа арналған гель...
Душқа арналған гель VS сабын
Қазіргі кезде сабынның да, душқа арналған гельдің де түр-түрі шығып жатыр. Кейбірі гельдің кір кетіре алатын қасиетіне күмәнданып, үйреншікті сабынмен жуынса, кейбірі нәзік терінің құрылымына қарап, гель таңдап әуре.
Жалпы жуыну үшін сабын, я гель – қайсын таңдаған дұрыс?
Ваннада сабынмен жуынып болған соң, су бетінде кір-ақ, сары немесе сұр мақта тектес көпіршік пайда болатынын әрбіріңіз байқаған шығарсыздар? Екінші рет ысқыланған соң, бұл көпіршік азаятынын да байқауға болады. Кейбіреулер денесі сықырлағанша жуына беретін әдеті бар. Алайда бұл дұрыс емес екен. Өйткені, кір көпіршік - бұл сабын құрамындағы көп мөлшердегі сілтінің теріміздегі табиғи маймен химиялық реакцияға ұшырауы. Бұл кір емес. Сол себепті, сабындап жуына берген сайын сілті тері майымен реакцияға ұшырап, көпіршік шыға беретін болады. Егер көп рет сабынданып, шайына берсек теріге қажетті табиғи майды кетіріп, сықырлатып, сілтімен терімізді құрғатып аламыз. Бұдан сіз тап-таза болып көрінуіңіз мүмкін, бірақ сонымен қатар теріңіз тым қорғансыз болып қалады.
Егер бір рет жуынғаннан теріңіз тазармайды деп ойласаңыз, қателесесіз. Терінің ұсақ тесіктері тазарады, сонымен қатар терінің қауіпсіздігі мен қалыпты болуына қажетті май да сақталып қалады. Ал нәзік терілі адамдардың терісі бір рет сабындап жуынғаннан-ақ сықырлай бастайды. Ал құрғақ тері душтан шыққан соң тартылып, тыржиып, қабыршақтана бастайды. Ал, егер теріңіз майлы болса, онда сабынды өз пайдаңызға жарата аласыз. Жалпы сабын кір кетіруге өте ыңғайлы. Сонымен қатар, сіз тершең болсаңыз, немесе спорт жаттығуларынан кейін сабынмен жуыну жағымсыз иістерді кетіріп, құрамындағы антибактериалды компоненттерінің арқасында бактериялардың тарауын залалсыздандырады.
Душқа арналған гельдер сабынға қарағанда жуыну құралының жұмсағырақ түрі. Біріншіден, гельде сілті аз болады. Екіншіден, гельдер судың негізінде жасалады. Олар теріні жұмсақ тазартып, оның табиғи қышқыл-сілті балансын бұзбайды. Барлық гельдердің құрамына міндетті түрде су кіреді, ал қарапайым сабынның құрамында су болады деп айту қиын. Үшіншіден, гельдегі сілтінің зиянды әсері арнайы қоспалардың арқасында жұмсартылады, мысалы, лимон қышқылымен. Қышқыл әдетте душқа арналған гельдің құрамына кіреді, және сілтіні бейтараптандырады.
Алайда, кез келген душқа арналған гельді құрамында сілті жоқ деп қанша жарнамалағанмен, бәрібір сілті қоспалары болады. Оларсыз теріні тазарту қиынға соқпақ. Бірақ, алдында айтып өткендей, сілті басқа да қоспалар арқылы бейтараптандырылады. Яғни, теріні тазарту мен артық майларды кетіру жұмысын ол жақсы атқарады. Бірақ оны шайған кезде, ол кір көпіршік ретінде емес, қарапайым сабынның көпіршігі сияқты кетеді.
Жас тері тегіс әрі иілгіш келетінін бәріміз жақсы білеміз. Және жас ұлғайған сайын теріні ылғалдандырып, пайдалы заттармен құнарландырып тұру керек. Ал сабында гельге қарағанда сілті көп болады, сол себепті ол теріні құрғатып, ал бұл өз кезегінде терінің тез қартаюына ықпал етеді. Сондықтан, әркімнің өз таңдауы шешеді, бірақ ең қолайлысы: теріні толық тазарту үшін аптасына 1 рет сабынмен жуынып, ал қалған күндері душқа арналған гельді пайдаланған дұрыс.
Көп адамға душқа арналған гельден кейінгі терінің тым тайғанақ болып тұратыны ұнамайды. Біріншіден, егер теріңіз тым тайғанақ болып, оны шаюға көп уақыт кетсе, демек теріңіз майлы болғаны. Онда теріңізге сабын пайдалырақ болмақ. Екіншіден, душқа арналған гельдің орнына табиғи компонентті, сабындарды қолдансаңыз болады. Мысалы, қырмызы сығындысынан немесе жапырағынан жасалған, бүрген немесе эфир майларынан, балдан, бергамот және лимоннан жасалған сабынды, ал сезімтал тері үшін итошаған немесе түймедақ қайнатпасынан жасалған сабынды пайдаланған жөн.
Дайындаған: Анар Мұстафина
Сурет: beautylish.com
A. Mustafina