Дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарлауына ықпалын тигізеді. Бірқатар тағам түрлері мен әдеттерден бас тартуға тура келетіндіктен, оған көшу көп адамға оңайға соқпайды. Десе де мүмкін емес нәрсе жоқ. Төменде жазылған 13 қағиданың бұл істе тигізер пайдасы көп.
1. Дұрыс тамақтану сызбасын жаттаңыз
Дұрыс тамақтануды бастамас бұрын, алдымен оның сызбасын жаттау керек. Ол сызба сізге қай уақытта қандай тағам жеуге болатынын үйретеді. Дұрыс тамақтанудың дәстүрлі түсінігінде біз күніне 5 рет ас ішеміз: таңғы ас, жүрек жалғау, түскі ас, жеңіл-желпі тамақтану, кешкі ас.
2. Сатып алатын заттарыңыздың тізімін дайындаңыз
Иә, бұл өте маңызды. Себебі, дұрыс тамақтану үшін соған сай азық-түлік алған жөн. Тізімге құс еті, жеміс-жидек пен көкөніс, аскөк пен сүзбе, тұтас дәнді нан енгенін қадағалаңыз.
3. Көкөністі көбірек алыңыз
Әңгіме бір бума көк пияз туралы емес. Көкөністі расымен көп мөлшерде алу керек. Оларды араластырып жасаған салаттың бойыңызға қуат беретінін бірнеше күннен кейін-ақ байқайсыз.
4. Тойға барсаң, тойып бар
Кафе мен дүкенге аш бармаңыз. Себебі, асқазан бос кезде көз де тойымсыз келеді. Көз тойымсыздығының нәтижесі сатып алынған артық әрі пайдасыз тағам.
5. Консервілерді алмаңыз
Тұздалған қызанақ, қытырлақ қияр, құтыдағы ананас – мұның бәрі дәмді екеніне дау жоқ. Алайда тұз бен түрлі қоспалардың тым көптігі сізді бір сәтке ойландыруы қажет. Одан да тоңазытылған көкөністерді алыңыз. Заманауи технологиялар мұндай азықтарды дәрумендерді жоғалтпайтындай етіп мұздатады. Пайдалы әрі дәмді.
6. Дайын асты жеуді доғарыңыз
Иә, иә, әлгі дүкендерде сатылатын дайын тұшпара, вареник, бәліштерді алуды қойыңыз. Олардың көбі ұзақ сақталу үшін түрлі қоспалардан жасалады.
7. Ақ наннан бас тартыңыз
Ақ нансыз ас ішуді елестету қиын болса, бастапқыда тұтас дәнді ұн, ашытылмай пісірілген лаваш секілді нанның жеңіл түрлеріне өтіңіз.
8. Табиғи қантты пайдаланыңыз
Бал мен жемістер көп жеу арқылы кәмпит пен ақ қантқа деген тәуелділіктен арылуға болады. Әсіресе, ақ қантты шайға қосуды қойған дұрыс. Себебі, тәтті шай ағзаның қалыпты жұмысын бұзады.
9. Көшеде тамақтанбаңыз
Көше тағамдары көп жағдайда тұзды әрі майлы болып келеді. Сондықтан, олардан бас тартқан жөн. Амал болмаған жағдайдың өзінде қай жерден тамақтанатыныңызды жақсылап ойланыңыз, алатын тағамыңыздың құрамын жіті қараңыз.
10. "Қажетсіз тағам" мөлшерін азайтыңыз
Кейде майға қуырылған қытырлақ картоп немесе дөнер жегіңіз келуі мүмкін. Ондай жағдайларда өзіңізді жеңгеніңіз абзал. Қатты қиналсаңыз, әлгілерді айына бір рет қана жеңіз. Бірақ аз мөлшерде.
11. Пайдалы тамақтар көзге көрінетін жерде тұрсын
Алма, банан, алмұрт сынды жемістер мен жаңғақтарды дастарханның ортасына қойып қойыңыз. Қарныңыз ашқанда осындай пайдалы тағам түрлері көзге көрінетін жерде тұрсын.
12. Астың нәрлілігін есептемеңіз
Дұрыс тамақтану кезінде астың нәрлілігі мен салмағын есептеп әуреленудің қажеті жоқ. Бастысы, өзіңіз тоятын мөлшерді білу.
13. Су ішіңіз
Қанша қарабайыр болса да бұл өте маңызды қағида. Ағза үнемі тиісті мөлшерде сұйықтық қабылдап тұруы қажет. Су көп ішіңіз!
дереккөз: balbal.kz