- Негізгі бет
- Денсаулық
- Диетолог: Піскен макарон...
Диетолог: Піскен макарон мен картопты суытып жеген дұрыс
Макарон мен картопты суытып жесе, құрамындағы крахмалдың зияны азаяды. Есесіне ішек микрофлорасын жақсартуға септігін тигізеді. Осылай дейді неміс диетологы Антье Гал Focus басылымына берген сұқбатында.
Макарон мен картоп, күріштің құрамында крахмал көп болатынын бәріміз білеміз. Ал крахмал дегеніміз – қанттың бір түрі. Сондықтан көбіміз "семіріп кетеміз" деп крахмалтектес азықты жемеуге тырысамыз. Бірақ неміс диетологы Антье Галдың айтуынша, жоғарыда аталған өнімнің құрамындағы крахмалдың әсерін азайту үшін ыстық күйде емес, суыған күйде жеген дұрыс дейді.
"Макарон мен картопты жемес бұрын суытып алыңыз. Крахмалқұрамдас тағам суыған кезде, крахмалы басқа түрге айналып, ағзаға пайдалырақ болмақ", - деп түсіндірді диетолог.
Оның айтуынша, суыған макарон мен картоп ішектің микрофлорасын жақсартуға, қандағы қант көлемін реттеуге, калорияны үнемдеуге көмектесетін көрінеді.
"Суық крахмал ағзаға, ішекке жасұсынық боп түседі. Тоқ ішекке піспеген күйде түскен крахмал оңай қорытылады. Бұл ас қорыту жүйесіне жағымды әсер етеді. Суыған крахмал калория аз болады. Шамамен, 20 пайыздай аз", - дейді Гал.
Қ. Слямбек