- Негізгі бет
- Денсаулық
- Диета құрысын, қарным...
Диета құрысын, қарным ашты!
Диета ұстағалы, қарныңыз ашып, ашуыңыз келіп жүр ме? Бұл ағзаның аштыққа қарсы жауабы. Сондықтан қатаң диетаға бірден отырмай, өзгерістерді біртіндеп енгізіңіз.
- Тәттіні сүйіп жейсіз бе? Ендеше мынандай ереже ұстаныңыз. Тәттіні тек 13.00-ге дейін жеп үлгеріңіз. Әрине аш қарынға емес. Ми жұмысы белсенді болатын осы уақытта желінген тәтті артық салмаққа емес, миға отынға айналады. Тәтті ретінде қара шоколад таңдасаңыз болады.
- Асқа отырмас бұрын, 15 минут қалғанда бір стақан таза су ішу - күнделікті ережеге айналсын. Осылайша ас қорыту жүйеңіздің жұмысы тезірек қосылып, тамаққа тезірек тоясыз. Сондай-ақ жұмыстағы шәй, кофелерді еш тіскебасарларсыз ішіп үйреніңіз.
- Таңғы асқа ерекше көңіл бөліңіз. Мінсіз таңғы ас - ботқа. Оған қанттың орнына бал, кептірілген жемістер қосыңыз. Ботқадағы көмірсулар ағзаңызға энергия тасымалдаушы.
- Тағамыңыздың үлесін азайтыңыз. Күніне 5 рет кішкентай тәрелкеден тамақтаныңыз. Арасында тіскебасарлардан бас тартыңыз, не орнына жеміс-жидектер жеуді әдетке айналдырыңыз. Ауыр тағам түрлерін тек түскі асқа қабылдап, жалпы ішетін асыңызға үлкен көңіл бөліңіз. Майлы, қуырылған тағамдарға "жоқ" деп, буға пісірілген көкөністерді жеп үйреніңіз.
- Көкөніс пен сүт тағамдары күнделікті рационыңызда болуға тиіс. Сүзбе, ірімшік, йогурттардың арасынан аз майлысын таңдап жеңіз. Айран да күнделікті сусындар қатарынан табылатын болсын.
- Үйіңізде ылғи торт, тәтті бәліштер, кәмпиттер бола ма? Ендеше оған қоса тоңазытқышыңызда әр уақыт жемістер болсын. Тәтті жегіңіз келіп қалса, кәмпиттерден гөрі жемісті таңдаңыз.
- Диета ағзаны ғана емес, жүйкені де азаптайды. Диета кезінде ашу үстінде жиі болатындығыңызды ұмытпаңыз. Аш қарынмен маңызды кездесулерге бармаған жөн. Стресс кезінде артық тамақ жеп қою ғажап емес.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: angrytrainerfitness.com
С. А